Сурет «Егемен Қазақстанның» архивінен алынды
Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті Атырау облыстық департаментінің басшысы Игілік Әубәкіровтің мәліметінше, былтыр құқығы бұзылған 3549 адамнан өтініш түсіпті. Оның ішінде 3060 өтініш заңға сәйкес зерделеніп, тиісті шешім қабылданған.
«Мемлекеттік еңбек инспекциясы үшін басты басымдық – азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау. Барлық өтініш «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында қаралып, әр мәселе жеке бақылауға алынды. Былтыр Атырау облысындағы кәсіпорындарда 54 өндірістік жазатайым оқиға тіркелді. Соның салдарынан 8 адам қайтыс болды. Оқиғалардың басым бөлігі жұмыс берушілердің қауіпсіздік талаптарын сақтамауынан туындаған. Осыған байланысты міндетті сақтандыру мәселесіне ерекше назар аударылып отыр», дейді департамент басшысы.
Еңбек заңнамасының сақталуына қатысты 333 тексеру жүргізілген. Тексеру кезінде еңбек заңдылығын бұзумен байланысты 353 дерек анықталып, 201 жұмыс берушіге әкімшілік хаттама толтырылған. Заң талабын бұзғандарға 38,8 млн теңге айыппұл салынған. Анықталған кемшіліктерді жоюға 225 нұсқау берілген.
Қазір облыста міндетті сақтандырумен қамту деңгейі 71%-ды құрайды. Бұл өзекті мәселеге айналғандықтан, сақтандыру шартын жасамаған кәсіпорындарға түсіндіру жұмысы жүргізіліп жатыр. Еңбек тәуекелі картасына 3 062 кәсіпорын енгізілген. Оның ішінде 110 кәсіпорын жоғары тәуекел санатына жатқызылған. Тиісті органның қабылдаған шараларының нәтижесінде 43 кәсіпорын бұл санаттан шығарылған.
«Негізгі екі мәселеге баса назар аударып отырмыз. Біріншісі – жалақыны төлеуді кешіктіру, екіншісі – әлеуметтік төлемдерді уақытында аудармау. Жалақы берешегін өтеуді жылдамдатуға басымдық берілді. Осыған байланысты нақты жұмыс қолға алынып, былтыр 45 кәсіпорыннан 115 млн теңге жалақы қарызы өндірілді. Осылайша, 184 жұмысшының құқығы қорғалды. Қазір облыста 11 кәсіпорынның 90 қызметкерге 43,1 млн теңге жалақы қарызы бар», дейді И.Әубәкіров.
Өңірлік департаменттегі еңбек қауіпсіздігін бақылау бөлімінің басшысы Ислам Игамбердиевтің дерегіне қарағанда, 226 өндірістік нысанға еңбек жағдайына байланысты аттестациялау жүргізілді. Мақсат – жазатайым оқиғалардың алдын алу. Қауіпсіздік талаптарын елемеген 33 мекемеге 12 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Соған қарамастан өндірістегі жазатайым оқиғаларды жасыратындар бар. Осындай 17 мекемеге 3 млн 342 мың теңге көлемінде айыппұл салуға ұйғарым жасалды.
Облыстық прокуратураның баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Исатай ауданында 7 кәсіпкерлік субъектісінде жұмысшылармен жазатайым оқиғадан міндетті сақтандыру шарты жасалмағаны анықталған. Соның салдарынан жұмыс берушілер тарапынан 45 жұмысшының құқы бұзылып отыр. Жұмысшылар құрылыс, денсаулық сақтау саласында жұмыс істеген.
«Аталған дерек Конституцияның 24-бабына, сондай-ақ Еңбек кодексінің талаптарына қайшы келеді. Прокурорлық қадағалау актісі негізінде кінәлі тұлғалар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 230-бабының 2-бөлігімен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қазір 45 жұмысшы міндетті сақтандырумен қамтамасыз етілді», деп хабарлады облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.
Атырау облысы