Көрме алаңына отандық және шетелдік зауыттардан шыққан ауылшаруашылық техникалары, агрегаттар, қосалқы бөлшектер, тұқым сұрыптары, тыңайтқыштар қойылды.
«Көрме жұмысында әдеттегідей саланың жаңа жетістіктері көрсетіледі. Ауыл шаруашылығының бүгінгі өзекті мәселелері талқыға түседі. Мемлекет басшысы осы жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялағанын білесіздер. Сондықтан қазір аграрлық секторды цифрландыруға ерекше ден қойылып отыр. Технологиялық шешімдер енгізу, техниканы қашықтан басқару, өндірісті толық автоматтандыру, роботтандыру осы күннің басты қажеттілігіне айналды. Биылғы көрме осы бағытта өтіп жатыр», дейді облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Ибрагим Бекмұхамедов.

Басқарма басшысының айтуынша, Қостанай облысы алдағы көктемгі егіс науқанында 5,1 млн гектар дән егуді жоспарлап отыр. Биыл ауыл шаруашылығын қолдауға 85 млрд теңге бөлінген. Шаруалар осы айдан бастап субсидия ала бастайды. Арзандатылған жанармай да жеткізіле бастаған.
Көрме аясында «Солтүстік альянс» аграрлық форумы өтті. Жиында көктемгі егіске дайындық мәселесі, субсидиялау ережелеріне енгізілген өзерістер талқыланды.