Іс-шараның басты мақсаты – ұлттық әдебиетті насихаттау арқылы оқырман мәдениетін қалыптастыру, кітапқа деген қызығушылықты арттыру және жас ұрпақтың рухани дүниетанымын байыту. Себебі «Кітап – ақылдың кені» деген халық даналығы бүгінгі қоғам үшін де маңызын жойған жоқ.
Көрме барысында қазақ әдебиетінің алтын қорына енген көрнекті қаламгерлердің мерейтойлық шығармалары көпшілік назарына ұсынылды. Атап айтқанда, Ілияс Жансүгіровтің ұлттық поэзияның асқақ үлгісіне айналған «Құлагер» поэмасының 90 жылдығы, Ғабит Мүсіреповтің тарихи-әлеуметтік мазмұндағы «Пробужденный край» әңгімесінің 65 жылдығы, Ілияс Есенберлиннің ел тарихын көркем тілмен өрнектеген «Алмас қылыш» романының 55 жылдығы, Жамбыл Жабаевтың отты жырынан туған «Ленинградцы, дети мои…» өлеңінің 85 жылдығы кеңінен таныстырылды.
Сондай-ақ, әлемдік деңгейде танылған Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының 55 жылдығы, тарихи-философиялық ойымен дараланған Әбіш Кекілбаевтың «Плеяды, созвездие надежды» еңбегінің 45 жылдығы, ағартушылықтың темірқазығына айналған Ыбырай Алтынсариннің «Қазақ хрестоматиясының» 120 жылдығы, қоғам шындығын терең бейнелеген Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясының 65 жылдығы, Олжас Сүлейменовтің «Арғымақ», «Земля, поклонись человеку» поэмаларының 65 жылдығы және Ғабиден Слановтың «Степь да степь» романының 85 жылдығы көрме аясында кеңінен насихатталды.
«Өткенін білмеген елдің болашағы бұлыңғыр» деген сөз бар. Осы орайда жылжымалы кітап көрмесі оқырманды тек көркем дүниелермен таныстырып қана қоймай, әр шығарманың тарихи, рухани және тәрбиелік мәніне терең үңілуге мүмкіндік берді. Көрмеге келгендер қаламгерлердің шығармашылық жолы туралы тың мәліметтер алып, ұлттық әдеби мұраға деген құрметін арттыра түсті.
Тағылымды іс-шара қазақ әдебиетінің ұлт санасындағы орны айрықша екенін тағы бір мәрте дәлелдеп, кітап пен оқырман арасындағы рухани байланысты бекемдей түсті. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан асыл мұра – халқымыздың сарқылмас байлығы екені осы көрме арқылы айқын сезілді.
Гүлжаухар ЕСЕНТАЕВА,
Қарағанды ауылдық кітапханашысы
Батыс Қазақстан облысы