Құлынның балтыр терісімен қапталатын аю шаңғыны қазақтың аңшылары мен малшылары тым-тым ертеден пайдаланып келеді. Ыңғайлысы сол, табаны терімен қапталғандықтан, артқа қарай сырғымайды. Ал кері қайтқанда, еңіске қарай зулап отырады. Орман-тоғайдың арасында бұрып үлгерсеңіз болғаны. Қыры болмағандықтан, қолдағы жалғыз таяқ сүйеніш те, тежегіш те.
Ат омыраулап жара алмайтын қардың бетімен жүретін бірден бір көлік – осы аю шаңғы. Бөрісырғақтың алды бұрқасындатып неше күн тұрған. Ауылдан әрі Таутекеліге қарай ат омбылап жүре алмай қалған соң, орманшылар еріксіз аяққа аю шаңғы байлаған. Мұндайда ең алдына шымыр жігіттерді қояды екен. Із түспеген қар бетіне шаңғымен жол салу – қиынның қиыны. Түзу жер болса бір сәрі, өрге қарай омбылайды. Соңың-
нан келе жатқандарға кедергі болмау үшін де алдарына жүйріктерін салады. Сөйтіп, белгіленген соқпақтардағы фототұзақты тексереді, тұяқтылардың жем-шөбін қарайды.
«Баяғыда осы шаңғымен аңшылар тәуір-ақ жүруші еді. Қазір көп керек қылмаймыз. Әйтпесе, қалың қарда таптырмайды. Жасалуы да аса қиын емес. Талдан табанын жонып, құлынның терісімен қаптайды. Ертеде аталарымыз шаңғыға деп тал көріп кететін. Реті келсе, қиып алып келіп, кептіріп қоятын. Табанындағы терісінің жүні бір бағытқа жығылып жатқан соң дағы артқа қарай сырғанамайды», дейді осы өңірді бес саусағындай білетін орманшы Манарбек Омаров.
Орманшылардың шаңғысын аяққа біз де байлап көрдік. Қалың қарда із басу көзге оңай көрінгенімен, өкпені күйдіріп, аяққа едәуір салмақ түсіреді екен. Айтпақшы, аршатылықтар бұны аю шаңғы деседі.
Шығыс Қазақстан облысы,
Катонқарағай ауданы,
Аршаты ауылы