Экономика • 03 Ақпан, 2026

Мәулен Әшімбаев: Ғылым экономиканың нақты секторларын да дамытуы керек

40 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Taldau Talks подкастының жаңа шығарылымы шықты. Бұл жолы сарапшылар еліміздегі ғылым және жоғары білім жүйесін дамытуға, жүргізіліп жатқан реформалар мен саладағы сын-қатерлерге қатысты мәселелерді талқылады. Сондай-ақ отандық ғылымның ел дамуына ықпалы, ғалымдардың әлеуетін тиімді пайдалану, қаржыландыру және инновациялық экожүйе қалыптастыру тетіктері кеңінен сөз болды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мәулен Әшімбаев: Ғылым экономиканың нақты секторларын да дамытуы керек

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев модераторлық еткен подкастқа Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Narxoz Business School деканы Гүлнәр Күреңкеева және Nazarbayev University профессоры Дөрбетхан Сұраған қатысты.

Ата заңға стратегиялық бағдар: Ғылыми еркіндік Конституция деңгейінде бекітілуі мүмкін

Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы ғылым және жоғары білім саласын дамыту мемлекеттің маңызды стратегиялық басымдықтарының бірі ретінде айқындап бергенін атап өтті. Оның айтуынша, Президент бастамалары жүйелі реформалар арқылы ғылымның сапасын арттыруға, университеттердің әлеуетін күшейтуге және ғылыми нәтижелерді нақты экономикалық өсімге бағыттауға негізделген.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен кейінгі жылдарда ғылым және жоғары білім саласында жүйелі жұмыс атқарылып жатыр. Президент жанынан Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес құрылды. Ұлттық ғылым академиясының мәртебесі күшейтілді. Ғылым туралы заңнамаға ауқымды өзгерістер енгізіліп, «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа заң қабылданды. Ғалымдарды қосымша қолдау тетіктері қалыптасып, саланы қаржыландыру көлемі де едәуір артты. Осындай нақты қадамдар ел ғылымы мен жоғары білімінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға оң септігін тигізеді деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.

Сонымен қатар қатысушылар бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуы, ғылым нәтижелерін коммерцияландыру, қолданбалы зерттеулерді күшейту аса маңызды екенін атап өтті. Подкастта жасанды интеллектінің ғылым және жоғары білім жүйесіне ықпалы, оны зерттеу мен оқыту процесіне енгізу, университеттерді инновациялық орталықтарға айналдыру мәселелері де талқыланды. М.Әшімбаев бұл бағытта адам капиталы айрықша маңызға ие екенін айтты.

«Біз технологиялық серпіліс дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Жасанды интеллект пен жаңа технологияларды тиімді пайдалану үшін, ең алдымен, жүйелі және сыни ойлай алатын күшті кадрлар дайындауымыз қажет. Ғылым тек академиялық ортаға ғана емес, экономиканың нақты секторларын дамытуға да ықпал етуі керек. Мемлекет басшысы атап өткендей, ғылыми әлеует ел дамуына қызмет ететін нақты нәтижеге бағытталуға тиіс», деді Сенат төрағасы.

Бұдан басқа, қатысушылар жоғары білім жүйесін одан әрі жаңғырту, университеттердің академиялық еркіндігін арттыру, ғылым мен бизнес арасындағы байланысты нығайту және халықаралық тәжірибеге мән беру бағытындағы басымдықтарға тоқталды.

Ғылым және білім: нәтиже қандай?

Айта кетейік, Taldau Talks – ашық диалогқа арналған подкаст-платформа. Онда ел дамуының өзекті мәселелері мен Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді іске асыру тетіктері талқыланады.

Подкасттың толық нұсқасын Taldau Talks-тың ресми YouTube-арнасынан көруге болады.

Соңғы жаңалықтар