Фото: Ашық дереккөз
Заңдағы негізгі жаңашылдықтардың бірі – реттеудің икемді моделіне көшу. Бұған дейін заң деңгейінде шамадан тыс егжей-тегжейлі сипатталған бірқатар нормалар Үкімет қаулылары деңгейіне ауыстырылады. Бұл басқару үдерістерінің жеделдігін арттырып, өзгермелі жағдайларға тез бейімделуге мүмкіндік береді.
Қару айналымы саласында азаматтық және қызметтік қару иелеріне қойылатын талаптар күшейтілді. Атап айтқанда, бақылау үшін міндетті түрде оқ ату рәсімі енгізіліп, қызметі уақытша тоқтатылған күзет ұйымдарының қаруын арнайы сақтау орындарына тапсыру тәртібі нақтыланды. Бұл қарудың заңсыз айналымының алдын алуға бағытталған.
Күзет қызметі саласында да бірқатар жаңа талап көзделген. Енді жеке күзет ұйымдары үшін міндетті есептілік енгізіледі, қызметін тоқтату және қайта бастау хабарлама тәртібімен жүзеге асады. Сондай-ақ жеке күзет құрылымдарының басшылық құрамына бірыңғай талаптар белгіленеді.
Заңнамалық деңгейде алғаш рет әскери құрамдағы теміржол күзетінің мәртебесі айқындалды. Оларға транзиттік теміржол тасымалдарына тартылған терминалдар аумағындағы жүк пен нысандарды күзету қызметін көрсету құқығы беріліп отыр. Бұл стратегиялық маңызы бар инфрақұрылым қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған.
Сонымен бірге күштік құрылым қызметкерлеріне арналған тұрғын үй төлемдерін реттеу тәртібі жетілдірілді. Бұл өкілеттік Үкіметке беріліп, ал төлем алушылар үшін тұрғын үйді жалға алу шарттарын міндетті мемлекеттік тіркеу талабы алынып тасталды. Мұндай қадам әлеуметтік қолдауды алу рәсімдерін жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Жалпы, қабылданған заң қауіпсіздік саласындағы бақылауды жүйелеп, құқықтық реттеудің тиімділігін арттыруға және азаматтардың қорғалу деңгейін күшейтуге бағытталған.