Министрлік мәліметінше, әскерде тәрбие жұмысының ұйымдастырылуы мен әскери тәртіпті бақылау күшейтілген. Сондай-ақ қару-жарақты пайдалану, сабақтар өткізу, атыс жаттығулары мен тапсырмаларды орындау кезінде жарғылық талаптар мен қауіпсіздік шараларын сақтау талаптары қатаңдатылған.
Қайғылы оқиғалардан кейін әскери бөлімдерге Қарулы Күштердің жеке құрамын кешенді психологиялық тексеруден өткізу үшін комиссиялар жіберілген. Әскери қызметшілердің психикалық жай-күйіне, қызметтік міндеттерді орындауға психологиялық дайындық деңгейіне қайта бағалау жүргізіліп жатыр.
Осы мәселелерден кейін командирлер мен сержанттық құрамның жеке жауапкершілігі арттырылып, негізгі назар оқыс оқиғалардың алдын алуға және қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға бағытталып отыр.
«Әскери полиция күштерімен әскери бөлімдерде жан-жақты тексерулер ұйымдастырылды. Жеке құрамға бақылау, бейнебақылау, оның ішінде қызметтен тыс уақытта да, күшейтілді. Тәулік бойы бақылау енгізіліп, құқық бұзушылықтар мен оқиғалардың алдын алуға бағытталған қосымша профилактикалық шаралар қабылданды. Әскери қызметшілер туыстарымен тұрақты бейнебайланыспен қамтылды. Сонымен қатар бөлімше командирлері ата-аналармен ресми байланыс арналары арқылы тұрақты түрде байланыста», делінген министрлік мәлімдемесінде.
Министрлік сарбаздардың өлімінен кейін нақты кадрлық және тәртіптік шешімдер қабылдаған.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, штаб бастығы және қолбасшының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Әскери қызметші қаза тапқан әскери бөлімнің командирі, оның орынбасары, сондай-ақ батальон командирі атқарып отырған лауазымдарынан босатылды», делінген министрлік мәлімдемесінде.
Айта кетейік, 27 қаңтар күні Жамбыл облысында қарумен жұмыс істеу барысында мерзімді әскери қызметші оқ жарақатынан көз жұмды.