Фото: depositphotos.com
Ол Жамбыл облысына барған жұмыс сапары барысында тұрғындардың салаға қатысты туындап отырған мәселелерін ортаға салды. Депутаттың айтуынша, Жамбыл облысы бойынша, коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегіне 57 434 азамат тіркелген. Алайда сатып алынған пәтерлерді осал топтағы азаматтарға үлестіру үшін қолданыстағы заңнамаға енгізілген толықтырулар мен өзгерістер кедергі болып отыр.
Қазақстанның ипотекалық нарығы: Реформа алдындағы үзіліс
«Бұрын жергілікті атқарушы органдарда болған функциялар «Тұрғын үй құрылысы жинақ» банкіне берілді және баспанаға мұқтаж азаматтарды есепке қою электрондық базасы арқылы автоматты түрде жүзеге асырылып жатыр. Осы себептерге байланысты коммуналдық тұрғын үй қорынан бөлінетін тұрғынжайды келісу туралы өтінішке дер кезінде жауап бермеуіне және кезекте тіркелген азаматтардың деректерінің түзетіліп жаңартылмауына байланысты баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары созылып кетті. Бүгінгі күні коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегіне тұрған 57 434 азаматтың небәрі 10 пайызының деректері түзетулер енгізіліп жаңартылған», деді Мұқаш Ескендіров.
Сондай-ақ тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы жүйесі арқылы жеңілдетілген ипотекалық тұрғын үйлерді сату ісінде де түйткілдер бар. Оның айтуынша, ипотекалық тұрғын үй қарыздарын беру баспана қорының жалпы көлемiнiң кемiнде 70% әлеуметтік осал топтағы азаматтарға, 20% жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға және қалған 10% үлесі кезектегі басқа азаматтарға сатылады. Бүгінде ипотекалық тұрғын үйлердің кемiнде 70%-ы әлеуметтік осал топтағы азаматтарға ұсынылуы пәтерлердің дер кезінде табысталуына кедергі болып отыр.
Енді жеңілдетілген ипотеканы жекеменшік банктер де ұсына алады
«Мысалы, Тараз қаласы бойынша 2025 жылы 706 пәтер сатылымға шығарылса, азаматтардың төлем қабілетінің расталмауына байланысты небәрі 588 пәтер ғана берілді. Ал, биыл Тараз қаласы бойынша 1 278 пәтерден тұратын 29 көпқабатты үйлердің құрылысы аяқталып сатылымға шығарылғалы отыр. Заңнамаға сәйкес аталған үйлердің 70%-ы немесе 895 пәтер әлеуметтік осал топтағы азаматтарға ұсынылса былтырғы жағдай тағы да қайталануы әбден мүмкін. Бүгінгі күні, баспана алу кезегіне тұрған азаматтардың 31 055-і немесе 54%-ы әлеуметтік осал топтағы азаматтар. Осал топтағы азаматтардың төлем қабілетінің төмен болуы пәтерлердің уақытылы сатылмауына әкеліп, жергілікті атқарушы органдардың облигациялық қарыз борыштарын мерзімінде өтелуіне кері әсерін тигізеді», деді Мәжіліс депутаты.
Сондықтан депутат Өнеркәсіп және құрылыс министрінің бұйрығына тиісті өзгертулерді енгізу арқылы осал топтағы азаматтарға сатылатын пәтерлердің үлесін 70%-дан 50%-ға дейін төмендетуді немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздарын беру шарттарын жеңілдетуді ұсынды.
Ұлттық банк төрағасы азаматтарға ипотекаға үй алуды кейінге қалдыруға кеңес берді