Фото: Видеокадр
Заңгердің айтуынша, қазіргі таңда көптеген мемлекет аумақтық дамудың сараланған модельдерін қолдануға бет бұрды. Бұл – инвестиция, технология және адами капитал үшін күшейген жаһандық бәсекеге берілген табиғи жауап. Алайда мұндай шешімдер мемлекеттік құрылымның негіздеріне тікелей әсер ететіндіктен, олардың міндетті түрде конституциялық тірегі болуы қажет.
Осыған байланысты Конституцияда конституциялық заң негізінде жекелеген аумақтар үшін арнайы құқықтық режім белгілеу мүмкіндігін бекіту ұсынылып отыр.
«Сондықтан Конституцияда конституциялық заң негізінде жекелеген аумақтар үшін арнайы құқықтық режімдерді белгілеу мүмкіндігі туралы норманы бекіту ұсынылады. Ол мұндай шешімдерді құқықтық кеңістіктің бірлігін, заң алдындағы теңдік қағидатын және азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын сақтаумен тікелей байланыстырады», деді Исидор Борчашвили.
М.Магеррамов: «Заң мен Тәртіп» – әділетті қоғамның берік тұғыры
Профессордың пікірінше, бұл тетіктердің Ата заңда айқындалуы ашық әрі нақты өлшемшарттарды алдын ала белгілеуге жол ашады. Соның арқасында ерікті әрі негізсіз шешім қабылдау тәуекелдері азаяды, ал ел аумағындағы құқықтық бірлік сақталады.
Сонымен қатар ол негізгі құқықтар мен бостандықтарға қатысты ұсынылып отырған түзетулер құқықтық мемлекеттің іргелі қағидаттарын күшейтетінін атап өтті. Атап айтқанда, құқық үстемдігі, құқықтық айқындылық, кінәсіздік презумпциясы және жеке адамды заңсыз қудалаудан қорғау нормалары жүйелі түрде бекітіледі.
«Бұл тек нормаларды нақтылау емес. Бұл адам, оның құқықтары мен бостандықтары басты назарда болатын өркениеттік таңдау», деді ғалым.
Айдарбек Қожаназаров: Конституциялық реформа – жас ұрпаққа бағыт, экономикаға серпін
Исидор Борчашвили азаматтардың жағдайын нашарлататын немесе жауапкершілікті белгілейтін не күшейтетін заңдардың кері күші болмайтыны жөніндегі қағидаттың ерекше маңызын да атап өтті.
«Бұл – әділеттіліктің іргетастарының бірі. Азамат әрекетті жасаған кезде құқық бұзушылық болмағаны үшін жазаланбайтынына, оның жағдайы өткен күнмен есептеп нашарлатылмайтынына сенімді болуы керек», деді ол.
Сонымен бірге жауапкершілікті жеңілдететін немесе толық жоятын заңның кері күші болуы мемлекеттің адамға бағдарланған сипатын айқын көрсетеді. Ұсынылып отырған нормалар құқықтық мемлекеттің негізгі элементтерін жүйелі түрде бекітеді: адам өзінің кінәсіздігін дәлелдеуге міндетті емес; кінә заңды күшіне енген сот үкімімен расталмайынша, ол кінәсіз деп есептеледі; ешкім өзіне немесе жақын туыстарына қарсы куәлік беруге мәжбүр емес; бір құқық бұзушылық үшін қайтадан жауапқа тартуға жол берілмейді.
«Бұл нормалардың Конституцияда бекітілуі олардың тек қылмыстық процестің ережелері болып қалмай, бүкіл құқықтық жүйенің іргелі құндылықтарына айналатынын білдіреді», деп түйіндеді Исидор Борчашвили.
Сарапшының пайымынша, ұсынылып отырған конституциялық өзгерістер Қазақстанның құқықтық дамуда саналы әрі өркениетті таңдау жасағанын көрсетіп, елдің тұтастығы мен азаматтардың құқықтарын қорғаудың берік кепіліне айналады.