Еңбек • 26 Қаңтар, 2026

Кореяда заңды жұмыс істеу мүмкіндігі: Қазақстан «EP S» жүйесіне қашан қосылады?

42 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қонаев қаласында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Корея Республикасының еңбек миграциясы жөніндегі делегация өкілдерімен кездесті. Кездесудің негізгі мақсаты – ел азаматтарын Корея Республикасына жұмысқа орналастыруға мүмкіндік беретін рұқсат жүйесі аясындағы ынтымақтастықты дамыту. Жиынға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Кореяда заңды жұмыс істеу мүмкіндігі: Қазақстан «EP S» жүйесіне қашан қосылады?

Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Басқосуда корей тарапы «EP S» (Employment Permit System) бағдарламасының жұмыс тәртібімен таныстырып, оның Кореяда жұмыс күші тапшы салаларға шетелдік азаматтарды заңды түрде тартуға бағытталғанын атап өтті. Осы орайда Қазақстанның аталған жүйеге қосылу мүмкіндігі кеңінен талқыланды.

Еңбек министрлігі Оңтүстік Кореяда жүрген Қазақстан азаматтарына үндеу жасады

Қазақстан тарапынан жүргізіліп жатқан дайындық жұмыстары жөнінде Алматы облысының мобильді еңбек орталығының директоры Абылай Зуайда мәлімет берді.

«Қазіргі таңда келіссөздердің екінші кезеңі өтіп жатыр. Бірінші кезеңде тараптар президенттер деңгейінде меморандумға қол қойған болатын. Ал екінші кезеңде Қазақстанның жұмыс күшін Кореяға жіберуге қаншалықты дайын екені бағаланады. Осы мақсатта корей делегациясы арнайы колледждер мен оқу орталықтарын аралап, дайындық деңгейімен танысып жатыр. Егер барлық талаптар оң бағаланып, келіссөздер сәтті аяқталса, алдағы уақытта толыққанды меморандумға қол қою жоспарланған», деді ол.

Мамандардың пікірінше, бағдарламаға қосылған жағдайда өңірде арнайы оқу орталықтарын ашу жоспарланып отыр. Қазір осы бағытта тиісті нысандармен танысу және инфрақұрылымды мүмкіндіктерді бағалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алматы облысының әкімі бұл бастаманың тұрғындарды заңды жұмыспен қамтуға және халықаралық еңбек тәжірибесін игеруге жол ашатынын атап өтті.

Еңбек нарығындағы сәйкессіздік: Бос жұмыс орны көп пе әлде жұмыссыздар ма?

Ал корей тарапы түпкілікті шешім барлық дайындық кезеңдері аяқталғаннан кейін Корея Республикасының ведомствоаралық комиссиясында қабылданатынын жеткізді.

 

Алматы облысы

Соңғы жаңалықтар