Қоғам • 24 Қаңтар, 2026

Мемлекеттік кеңесші: Конституциялық реформаға қатысты түпкілікті шешім жалпыхалықтық референдумда қабылданады

70 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекеттік кеңесші – Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары Ерлан Қарин Конституциялық комиссияның алғашқы отырысындағы сөйлеген сөзінде, жұмыс тобының мүшелерімен қатар,  Amanat, Ауыл, Respublica, Ақ жол, Қазақстан халық партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы өздерінің ой-пікірін дайындап, жолдағанын атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мемлекеттік кеңесші: Конституциялық реформаға қатысты түпкілікті шешім жалпыхалықтық референдумда қабылданады

Фото: yandex.kz

««Байтақ» партиясы, «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысы, Республикалық адвокаттар алқасы, «Toqtamys» адвокаттар қауымдастығы, Халықаралық арбитраж және медиация палатасы, Парламентаризмді дамыту қоры, Экономикалық саясат институты, «Азаматтық бастама» бастамашылық тобы және басқа да ұйымдар өз ұсыныстарын жолдады», деді ол.

Ерлан Қариннің айтуынша, жалпы саны, конституциялық реформаға қатысты 7 саяси партия, 16 қоғамдық ұйым өз ұсыныстарын жіберген. Ал, е-Otinish және eGov порталдары арқылы азаматтар мен қоғам белсенділері тарапынан 600-ден астам ұсыныс түскен.

«20 қарашада Мемлекет басшысы Парламенттік реформа жөнінде жұмыс кеңесін өткізді. Президент азаматтардан, сарапшылардан және қоғам белсенділерінен түсетін ұсыныстардың барлығын жан-жақты зерделеуді тапсырды. 2 желтоқсанда Жұмыс тобының екінші отырысы өтті. Жиында жаңа Парламенттің құрамына қатысты мәселелер қарастырылды.

Атап айтқанда, бір палаталы Парламенттің өкілеттік мерзімі, депутаттар саны, квоталар және сайлау тәртібі талқыланды. 29 желтоқсанда Жұмыс тобының үшінші отырысы өтті. Онда болашақ Парламенттегі заң шығару үдерісінің негізгі бағыттары талқыланды», деді Е.Қарин.

6 қаңтарда Мемлекет басшысы Парламенттік реформа туралы арнайы жұмыс кеңесін өткізген. Жұмыс тобына конституциялық реформаға қатысты негізгі ұстанымдарды әзірлеу тапсырылған.

9 қаңтарда Жұмыс тобының кезекті төртінші отырысы ұйымдастырылған. Онда болашақ Парламенттің басқа билік институттарымен өзара іс-қимылына және бір палаталы Парламенттің атауына қатысты ұсыныстар талқыланған.

12 қаңтарда Мемлекет басшысы Парламенттік реформа бойынша кезекті жұмыс кеңесін өткізген. Президент конституциялық реформаға қатысты түпкілікті шешімді еліміздің азаматтары жалпыхалықтық референдумда қабылдайды деп нақты айтқан.

15 қаңтарда Жұмыс тобының бесінші отырысы ұйымдастырылды. Онда жаңа Парламенттің негізгі мемлекеттік институттардың қызметін қамтамасыз етудегі құзыреті талқыланды.

«19 қаңтарда, яғни, осы аптаның басында Жұмыс тобының алтыншы, қорытынды отырысы өтті. Оған Мемлекет басшысы өзі қатысты. Жұмыс тобының мүшелері Мемлекет басшысына атқарылған жұмыстар туралы баяндап, ортақ ұстанымдарды таныстырды. Президент бұл ұстанымдарға қолдау білдіріп, көп ұзамай қосымша өз ойларын да ортаға салатынын айтты», деді Ерлан Қарин.

Мемлекеттік кеңесші Жұмыс тобы жарты жыл бойы белсенді жұмыс істеп, Парламенттік реформаға қатысты мәселелерді 6 отырыста жан-жақты талқыланғанын айта келе, Жұмыс тобының барлық мүшелеріне белсенді қызметтері үшін ризашылығын білдірді.

Ерлан Қарин: Конституциялық комиссияның құрылуы тарихи оқиға

Соңғы жаңалықтар