Эльвира Азимова жұмыс тобының мүшелерінен бөлек, азаматтардан екі мыңнан астам ұсыныс келіп түскенін атап өтті.
«Кеңейтілген құрамдағы Конституциялық комиссияның құрылуы осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстың қисынды жалғасы, сондай-ақ бірнеше айға ұласқан пікірталастар барысында қалыптасқан ауқымды қоғамдық сұранысқа берілген жауап болды. Президент ұсынған мемлекеттік билікті бір палаталы Парламентке – Құрылтайға өткізу, Халық кеңесін құру, Вице-Президент лауазымын енгізу және басқа да мәселелер жан-жақты әрі кешенді түрде зерделеп, пысықтауды қажет етеді», деді Э.Азимова.
Оның айтуынша, Қазақстан саяси жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басып жатыр.
«Мемлекет басшысы әрі қарайғы дамудың институционалдық тепе-теңдікті нығайту, заң шығарушы биліктің тиімділігін арттыру, тежемелік тепе-теңдік жүйесін күшейту, сондай-ақ қоғамның мемлекеттік басқаруға қатысуын қамтамасыз ететін конституциялық механизмдерді жаңарту арқылы ғана мүмкін екенін айқын атап көрсетті», деді ол.
Еске салайық, елордада Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алғашқы отырысы өтіп жатыр.