Күні кеше сенаторлар Премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалында осындай деректер келтірді. Жайылым тапшылығы облыс аумағында өзекті проблема болып тұр. Мысалы, былтыр Сайрам ауданы Шапырашты ауылының тұрғындары мал жаятын жердің барлығы жекенің меншігіне өтіп кеткенін, жайылым тапшылығынан жұрт жыл он екі ай төрт түлігін қораға қамап ұстауға мәжбүр екенін айтып шағымданған болатын. Ал аудандық әкімдік Шапырашты мен Береке ауылында жайылым жер жоқ екенін ашып айтты. Дегенмен өңірде бұл бағытта бірқатар жұмыс атқарылып жатыр.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, арнайы құрылған жұмыс тобы 2 271 жер пайдаланушыға тиесілі 335,8 мың гектар жайылым жерде мал басының тіркелмегенін анықтаған. Осыған байланысты аудан, қала әкімдіктерімен бірлесіп нақтылау жұмыстары жүргізіліп, 187,3 мың гектар жайылым жерді мемлекет меншігіне қайтару жоспары бекітілді. Жалпы 2024-2025 жылдар аралығында облыс бойынша 293,3 мың гектар жайылым жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Қайтарылған жайылымдардың елді мекендерге жақын орналасқан 161,9 мың гектарын қоғамдық жайылым ретінде ауылдық округ әкімдіктеріне бекітіледі. Сондай-ақ 2026 жылға ауыл шаурашылығы мақсатындағы 146,5 мың гектар жерді айналымға енгізу жоспарланған.