Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан ойлар елдің рухани дамуы мен білім саласына қатысты терең әрі салмақты бағдарды айқындады. Бұл сөздерде нақты бастамалармен қатар, қоғам санасын қалыптастыруға бағытталған жүйелі көзқарас анық сезіледі. Ұлттық құрылтайдың Қызылорда қаласында өтуі де айрықша мәнге ие. Бұл өңір – ұлттық жады, рухани сабақтастық пен тарихи мұра тоғысқан кеңістік.
Президент кітапхана тақырыбына арнайы тоқталып, Қызылордада заманауи кітапхана салынатынын, Астана мен Алматыда Президенттік кітапханалар бой көтеретінін айтты. Бұл шешім кітапхананың қоғамдағы орнына жаңаша көзқарас қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Кітапхана – ұлттық жадыны жүйелейтін, мәдени тәжірибені ұрпаққа жеткізетін, білім айналымын қалыптастыратын қоғамдық орта.
Қазақстанның Ұлттық электронды кітапханасын 122 елдің оқырмандары пайдаланады
Осы мәдени-рухани кеңістікте Қызылорда қаласының зияткерлік орталықтарының бірі – Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің рөлі ерекше. Бүгінде «Арман-PV» баспасы Қызылорда қаласымен және осы университетпен әріптесе отырып, білім мазмұнын жаңғырту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Университет білім мен ғылымды, кітапхана мен зерттеу мәдениетін ұштастыра отырып, заманауи академиялық ортаны қалыптастырған. Мұнда жасанды интеллект негіздері мен цифрлық технологияларды меңгеру бағытында нақты тәжірибе бар, ал университет ғалымдары ғылыми ойды заманауи технологиялық тәсілдермен байланыстыра алатын кәсіби тұлғалар. Оқулықтарды әзірлеу барысында біз осы ғалымдармен бірлесе отырып, мазмұнды талқылап, ғылыми және әдістемелік тұрғыдан ақылдаса отырып жұмыс істейміз.
Осы тұрғыда баспа саласының жауапкершілігі арта түседі. Себебі кітапхана мазмұн арқылы өмір сүреді. Ал мазмұнның сапасы авторлық ұжымның кәсібилігіне, редакциялық мәдениетке, ғылыми және әдістемелік негізге тікелей байланысты. Қазақстанда бұл жауапкершілікті жылдар бойы арқалап келе жатқан баспалар бар. Солардың бірі – біз, 25 жылдан астам уақыт бойы мектеп оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендерін әзірлеп келе жатқан «Арман-PV» баспасы. Бұл оқулықтармен бірнеше буын мұғалімдері жұмыс істеп, оқу үдерісінде қолданып келеді.
Құрылтайда цифрландыру мен жасанды интеллект тақырыбы мәдениетпен тығыз байланыста көтерілді. Бұл – уақыт талабынан туған, бірақ мәні терең ой. Тарих пен мәдени мұраны цифрлық форматқа көшіру ұлттық сананы сақтаудың маңызды жолына айналып отыр. Мұнда мазмұнның жүйелілігі, деректің анықтығы, тілдік сапа ерекше маңызға ие. Білім беру саласында бұл талап оқулық мазмұнын да жаңа деңгейге көтеруді қажет етеді.
Президент қолдаған «Ұлттық цифрлық мұра» қоры осы бағыттағы маңызды қадам болмақ. Ғылыми еңбектерді, архивтік материалдарды, музей қорларын, өнер туындыларын бір жүйеге келтіру – болашаққа арналған стратегиялық инвестиция. Бұл бастама білім беру мазмұнына да тікелей әсер етеді. Қазірдің өзінде біз 2025-2026 және 2026-2027 оқу жылдарына арналған жаңа буын оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендерін әзірлеу барысында осы жүйелілік пен сапаға ерекше мән беріп отырмыз.
Сонымен қатар биыл дайындалып жатқан барлық оқулық Оқу-ағарту министрлігі жанындағы Білім мазмұнын сараптау орталығының сараптамасынан өтеді. Орталық оқулықтарды сұрыптап, мазмұнын терең талдап, апробациядан өткізіп, сапасына кешенді тексеріс жүргізеді.
Абай іліміне жасалған акцент те ерекше мәнге ие. «Қара сөздерді» ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» тізіміне енгізу туралы ұсыныс – сөз мәдениетіне, ой тереңдігіне, рухани мұраға көрсетілген жоғары құрмет. Бұл қадам ұлттық дүниетанымды халықаралық деңгейде танытуға жол ашады және мектеп бағдарламаларындағы мәтін сапасына қойылатын талапты күшейтеді.
Мемлекет басшысы Абайдың «Қара сөздерін» ЮНЕСКО тізіміне енгізуді ұсынды
Сонымен қатар философия, әлеуметтану, саясаттану бағытындағы ғылыми ойды дамыту, қоғамдық пікірді қалыптастыратын еңбектерді қолжетімді ету туралы айтылған ойлар гуманитарлық білімнің рөлін арттыра түседі. Ғылым мен қоғам арасындағы байланысты нығайтуда оқулық пен оқу әдебиетінің орны ерекше.
Ұлттық құрылтайда көтерілген бастамалардың барлығы бір арнаға тоғысады. Ол – ұлттық мұраны сақтай отырып, оны заманауи форматта ұрпаққа жеткізу. Бұл үдерісте баспа саласы білім мен мәдениеттің сенімді тірегіне айналуы тиіс. «Арман-PV» баспасы үшін бұл көпжылдық тәжірибеге сүйенген кәсіби жолдың жалғасы.
Мемлекет басшысы айқындаған бағыт – біз үшін кәсіби бағдар, ортақ жауапкершілік. Ұлттық мазмұнды сапалы ұсынып, білім кеңістігін дамыту – болашаққа салынған берік негіз.
Дидара Алина,
«Арман-PV» баспасының бас директоры