Қаралы хабарды Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек естіртті.
«Бүгін 91 жасына қараған шағында жұбайымның әпкесі, Димаш Ахметұлы Қонаевтың туған қарындасы, көрнекті зиялы тұлға, ғылым докторы, профессор Рауза Ахметқызы өмірден озды», деп жазды депутат.
Р. Ахметқызы 1934 жылы 10 сәуірде Алматы облысының Шілік ауылында туған. Ол Меңліахмет пен Зәуре Қонаевтардың он бір баласының ішіндегі ең кішісі болды. Үлкен әпкесі Әминадан 27 жас кіші болса, өзінің алдындағы ағасы Асқардан 5 жас айырмашылығы бар.
Марқұм 1952 жылы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің биология-топырақтану факультетіне оқуға түсіп, оны 1956 жылы сәтті аяқтаған.
Ғалым бүкіл саналы ғұмырын ғылымға арнады. 1957 жылдан бастап 2016 жылға дейін Қазақстан Ғылым академиясының жүйесінде тапжылмай еңбек етті. Ол Биохимия және Молекулалық биология институттарында қызмет атқарып, биология саласындағы ірі маман ретінде танылды.
Р. Қонаева республиканың белгілі құқықтанушысы Мұрат Баймахановтың жары болған. Олардың қызы Дина Баймаханова да ата-ана жолын қуып, ғылыммен айналысқан, қазіргі таңда заң ғылымдарының докторы.