Экономика • 14 Қаңтар, 2026

Шаруалар Үкіметтің сәбіз эскпортына қатысты шешіміне наразылық білдірді

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

2025 жылдың 25 желтоқсанында Ауыл шаруашылығы министрлігі транзитті қоспағанда елімізден барлық көлік түрімен сәбізді шетке, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерге тасымалдауға 3 айға тыйым салу шешімі туралы жариялаған еді. Бұл бастама шаруалар тарапынан наразылыққа ұшырады. Фермерлер мен кәсіпкерлерді алаңдатқан мәселені бүгін Мәжіліс отырысында депутат Темір Қырықбаев көтеріп, Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге сауал жолдады, деп жазады Egemen.kz.

Шаруалар Үкіметтің сәбіз эскпортына қатысты шешіміне наразылық білдірді

Фото: kzlorda.com

Депутаттың айтуынша тәжірибе экспортқа тыйым салу бағаның төмендеуіне әкелмейтінін көрсетіп отыр. Мұндайда негізгі ауыртпалық өндірушілерге түседі. Ал делдалдар мен логистикалық тізбектің басқа қатысушылары бұл шектеуден зардап шекпейді. 

«Сарапшылар бағаны тек экспортты шектеу арқылы тұрақтандыруды тиімсіз деп есептейді. Бизнес қауымдастығы да өз ұстанымын ашық білдіріп жатыр. Егер мемлекет ішкі нарыққа қажетті өнім көлемін нақты айқындаса фермерлер оны қамтамасыз етуге дайын. Қазақстан картоп және көкөніс өсірушілер одағының мәліметінше, қоймалар толы, сәбіз бен картоп тапшылығы жоқ. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі ұсынған өнім тапшылығы жөніндегі деректердің объективтілігіне күмән туындайды. Бұл мемлекет пен өндірушілер арасында жүйелі диалогтың жоқ екенін көрсетеді», деді Темір Қырықбаев.

Бұған дейін «Egemen Qazaqstan» газетінің Павлодардағы тілшісі Мұрат Қапанұлы Ертіс-Баян өңірінің фермерлерінде сәбіз өнімі мол екенін айтып, олардың аталған өнім экспортына шектеу енгізбеуді сұрап отырғанын жазған еді. Тілшіміз келтірген деректерді депутататтық сауалында Темір Қырықбаев та қаперге салды. 

«Павлодар облысындағы фермерлердің қолында 120 мың тоннадан астам сәбіз қоры бар. Қазіргі жағдайда оны келісі 80 теңгеден сатудың өзі қиын. Себебі сұраныс төмен. Ал сәбіз – ұзақ сақталмайтын өнім. Сондықтан экспортқа уақытша шектеу қолда бар өнімді өткізу мүмкіндігін одан әрі тарылтады. Ойластырылмаған әкімшілік шешімдер отандық фермерлердің шетелдік нарықтардағы орнын әлсіретіп, оларды бәсекелестерге оңай беріп қоюға әкеледі. Фермерлер жылдар бойы қалыптастырған логистикасы мен серіктестік байланысы бір ғана шешімнің салдарынан үзілуі мүмкін», деді депутат.

Ол бұған дейін де картоп, ет және пияз экспортына осындай шектеулер енгізілгенімен, олардан нақты қорытынды жасалмағанына назар аударды. Сонымен қатар, Үкіметтен сәбіз экспортқа шектеу енгізу туралы ұсыныс қандай экономикалық және статистикалық есептеулерге негізделді, ішкі нарық қажеттілігі мен қолда бар қорлар бойынша қандай деректер пайдаланылғанын және ішкі нарықты кепілдендірілген көлемде өніммен қамтамасыз етіп, артық өнімді экспортқа шығаруға мүмкіндік беретін нақты әрі түсінікті модель әзірлеу жоспары қашан әзірленетінін сұрады.

Соңғы жаңалықтар

Арандатудан сақ болған жөн

Пікір • Бүгін, 09:40

Жаңа жоба – қоғам талқысында

Реформа • Бүгін, 09:20

«Е-АӨК» платформасы іске қосылады

Шаруашылық • Бүгін, 08:58

Шоттың да сұрауы бар

Экономика • Бүгін, 08:50

Аққу әйгілеген ақиқат

Әдебиет • Бүгін, 08:35