Саясат • 09 Қаңтар, 2026

Трамп АҚШ-тың Мексикаға соққы жасауға дайын екенін мәлімдеді

30 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

АҚШ президенті Дональд Трамп Мексикадағы есірткі картельдеріне қарсы соққы жасауға дайындалып жатқанын мәлімдеді. Ол бұл туралы Fox News арнасына берген сұхбатында айтты. Президент нақты жоспарларды ашып айтпады. Бірақ мәлімдеме қоғамда үлкен дүмпу тудырды, деп жазады Egemen.kz.

Трамп АҚШ-тың Мексикаға соққы жасауға дайын екенін мәлімдеді

Фото: pinterest.com

Трамптың айтуынша, қазіргі таңда Мексикада жағдайды картельдер бақылап отыр. Ол өз сөзінде АҚШ жақын арада құрлықта соққы беруді бастайтынын жеткізді. Президент бұл қадамды ұлттық қауіпсіздікпен байланыстырды. Алайда қандай күш қолданылатыны және қай аумақтар қамтылатыны айтылған жоқ.

Бұл мәлімдеме бірнеше айға созылған әскери науқан аясында жасалды. Соңғы айларда АҚШ әскери күштері Кариб теңізінде және басқа да аймақтарда есірткі тасымалдады деген күдікпен кемелерге шабуыл жасаған. АҚШ билігі кейбір соққыларды кемелерде Венесуэлада әрекет ететін Tren de Aragua тобының мүшелері болғанымен түсіндірген. Аталған топ 2025 жылы шетелдік террористік ұйым деп танылған.

Мексика президенті Клаудия Шейнбаум бұл мәлімдемеге қатаң жауап қатты. Ол АҚШ әскерін Мексика аумағына енгізу идеясын үзілді кесілді қабылдамайтынын айтты. Мемлекет басшысы елінің егемендігі бәрінен жоғары екенін атап өтті.

Ол өз мәлімдемесінде былай деді: «Біз басқа елдердің ішкі ісіне араласуды түбегейлі жоққа шығарамыз. Латын Америкасының тарихы бәріне белгілі. Сырттан араласу ешқашан демократия әкелген емес. Ол халыққа бақ та тұрақтылық та сыйламады. Әр халық өз болашағын өзі құруы керек. Өз жолын өзі таңдауы керек. Табиғи ресурстарына өзі иелік етуі тиіс. Мемлекетті басқару формасын да халықтың өзі еркін анықтауы қажет».

Күні кеше «Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі Гүлнар Жолжан «Венесуэла бұл күйге қалай түсті?» тақырыбына сараптамалық мақала жазған болатын.

Осы оқиғалар аясында қаңтар айының басында АҚШ Венесуэлада арнайы операция жүргізді. Сол операция кезінде ел президенті Николас Мадуро мен оның жұбайы Каракас қаласында ұсталды. Кейін Мадуро Нью Йорктегі Бруклин тергеу изоляторына жеткізілгені хабарланды.

Бұл әрекетті түсіндіре отырып Трамп Монро доктринасын еске салды. Оның айтуынша, Америка құрлығы басқа державалардың араласуына жабық аймақ саналады. Сонымен бірге ол АҚШ дұшпандарына Венесуэлада қолданылған тәсіл қайта қайталануы мүмкін екенін ашық айтты.

Қазіргі таңда Нью Йоркте Венесуэла президентіне қатысты сот процесі басталып үлгерді. Тергеу нұсқасы бойынша оған есірткі терроризміне қатысы бар қастандық, кокаин контрабандасы, пулемет пен жарылғыш заттарды сақтау және оларды АҚШ қарсы қолданбақ болды деген айыптар тағылып отыр. Бұл баптар бойынша 4 өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Сотта Мадуро өзіне тағылған айыптарды толық жоққа шығарды. Ол өзін әлі де Венесуэланың заңды президентімін деп мәлімдеді. Оның жұбайы да кінәсіз екенін айтты. Екеуі де сот отырысына аудармашы арқылы қатысты.

Судья келесі тыңдауды 17 наурызға белгіледі. Сонымен қатар консулдық қызметкерлермен кездесуіне рұқсат берілді. Қорғау тарапы президентті кепілмен босатуға күш салатынын мәлімдеді.

Осы уақытта Венесуэлада билікті уақытша Делси Родригес қолға алды. Бастапқыда ол АҚШ әрекетін қатты сынға алып, Мадуроны босатуды талап етті. Кейінірек Трампқа үндеу жасап, венесуэлалықтар соғысты емес бейбіт өмірді қалайтынын айтты. Сондай ақ АҚШ үкіметін ынтымақтастық бағдарламасы бойынша бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.

Бұл үндеу Трамптың жаңа соққы беруі мүмкін екенін ескерткенінен кейін жарияланды. АҚШ президенті Родригеске де ашық ескерту жасап, егер дұрыс шешім қабылдамаса оның салдары ауыр болатынын айтты.

Соңғы жаңалықтар