Руханият • 09 Маусым, 2020

Жүн мен жіпті бояудың тәсіл мен тәлімі

1320 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Малдың жүнін жуып-шайып тазартып, кептірген соң қажетіне қарай сан түрлі бояумен әбден қанықтыра бояп көздің жауын алатын әсем дүниелерді – қолөнер бұйымдарын жасап шығаруда аналарымыз алдына жан салғандығы соншалықты, мұны қазақтың ұлттық қолөнерінің ажырамас бір бөлігі ретінде қалыптастырып, дамыта алды.

Жүн мен жіпті бояудың тәсіл мен тәлімі

Қызыл-жасыл талдырмадан текемет тү­рін ойып, бірнеше түсті жіптерді ­қа­зық айналдыра жүгіртіп бау-басқұр құ­рып,­ алуан түлі жүндерден ой салып, ши то­қы­ған олардың шеберлігін бүгінгі ұр­пақ­ тек­ музейлерден қызықтап жүргені жа­­сы­­рын емес. Ал олардың жасалу техно­ло­­гия­сы – үлкен ғылым, көзбен көріп, қол­мен жа­самаса, меңгертуі қиын жұмбақ сыр.

Сондықтан кешегі шебер аналардың көзін көріп, тағылымын алған, «істегенің маған жақсы – үйренгенің өзіңе жақсы» деп үлкендердің жұмсағанын қалт жібермей тыңдап өскен шеберлер Ә.Сағынаева мен Г.Балғабаева бүгінде өз көрген-білгендерін қызығушылық танытып, ынта білдіргендерге үйретумен келеді. Жуырда Маңғыстау облысы­ның мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауы­мен, «Алтын оймақ» қолөнерді қолдау қо­ғам­дық қорының ұйымдастыруымен ұмы­тылып бара жатқан қазақ дәстүрлі қол­өнерін жаңғырту және тұрғындарды кәсіп­керлікке баулу мақсатында «Жүнді және жіпті табиғи және химиялық жолмен бояу тәсілдері» атты тренинг өтті.

Ақшұқыр ауылында өткен тренингке қызығушылық танытқандар көп болған­мен,­ төтенше жағдай тәртібіне сай небәрі 15 адам ғана қатысу мүмкіндігіне ие болды.

Қатысушыларға тәжірибелі қос тренер бояу түрлері, оны таңдау, жүн мен жіпті бояу тәсілдері, табиғи бояудың ерек­шеліктері туралы, өзге де бояуға қа­тысты білгендерін айтты. Мысалы, текемет басуда текеметтің таңдалған түсі мен оған жарасымды бояу түрлері, сон­дай-ақ ақ басқұр мен қызыл басқұр тоқу­да­ғы қолданылатын жіп түстері туралы айтылып, жүн мен жіпті бояу тәжірибе түрінде көрсетілді.

Тренингке қатысушылар үйрету­ші­лерге ризашылықтарын білдіріп, са­бақтың қызықты өткеніне қуанды. Кеше ауыл-аймақта жүн бояп, бау то­қып, сырғалақ айналдыру, өзге де қол­өнер түрлерімен айналыспайтын қыз-келіншекке тосырқай қарайтын елдің бү­гінгі ұрпағы бұл өнерлерді тек ел ішіндегі бірен-саран жасы үлкендерден естіп-біліп, іс-тәжірибесін көрсе таң­ға­латын дәрежедеміз. Заман ағымы, уақыт талабының иірімі әсер етпей қой­май­тын да болар, дегенмен төл өнерді өгейсітпеген жақсы. Осы орайда баба дәстүрді дәріптеп жүрген Ә.Сағынаева мен Г.Балғабаеваға жұртшылық тарапынан бек ризашылық бар.

 

Маңғыстау облысы

 

Соңғы жаңалықтар

Қаһарманның қастерлі жолы

Өшпес даңқ • Кеше