Мәңгілік Елдің астанасына мырза көңілден жасалған әрбір сый-тартудың орны бөлек, әрине. Дегенмен, Тұңғыш Президентті еңбекпен шыңдап, саясаттың сахнасына үкілеп шығарған Қарағанды халқының Елбасының төлтумасы саналған арман қалаға деген ыстық ықыласы, жомарт сыйы назарды өзіне ерекше аударады. Қарағанды облысы Астананың айшықты тойына «Ұлытау» аллеясы мен «Қазақ еліне мың алғыс!» деп аталған монументті сыйға тартпақшы.
Салтанат қақпасынан Түркістан көшесіне дейінгі жерді алатын аллея ұлт ұясы Ұлытаудың қастерлі жәдігерлерін көруге мүмкіндік беретін ашық аспан астындағы мұражай есебінде болады. Басты тосынсый Әмір Темірдің жазуы басылған Алтын Шоқы дөңінің басында болған тастың көшірмесі болмақ. Ол тастың түпнұсқасы әлемге әйгілі Эрмитажда сақталған.
Ғалымдар тас тақта 1391 жылы Әмір Темірдің Алтын Ордаға шыққан атақты жорығы кезінде орнатылған деген болжам жасауда. Міне, осы баға жетпес тарихи жәдігердің көшірмесі тұңғыш рет көпшілікке қолжетімді жерде қалың жұртшылық назарына ұсынылады. Сондай-ақ аллеяда тарихы 4 мыңнан астам жылға тереңдейтін Теректі-Әулие және Байқоңыр петроглифтері орын алады.
Ұзындығы 190,3 метр, ал ені 18,6 метр болатын жаяу жүргіншілер аллеясы монумент алаңы мен сол жердің «Мәңгілік Ел» алаңына ұласатын батыс жақ бөлігінің арасында болады. Гүлзардың екі қапталында сәкілер мен қоқыс жәшіктері қатар түзейді.
Аллеяның ортаңғы бөлігі кеңи келіп, алаңқайға айналады да, ол жердегі тақырыптық альпинарий аясына Ұлытау даласын ежелден мекендейтін киіктердің мүсіні қойылады. Сонымен қатар, аллеяның табанына геометриялық өрнектерді құрайтын тас тақтайшалар төселіп, оның екі жиегі түрлі ағаш, қызылды-жасыл гүл, көкорай шалғынмен көмкеріледі.
«Қазақ еліне мың алғыс!» монументі қазіргі таңда Қарағанды көркем өнер комбинатында жасалып жатыр. Үш баланы құшағына алып, бауырына басқан қазақ әйелінің – қамқор ананың тұлғасы қоладан құйылған ескерткіштің биіктігі тұғырымен қосып санағанда 13,35 метрге жетеді. Мүсіншілер монументтің кескін келбетіне зұлмат заманында түрлі зобалаңға ұшырап, қазақтың даласына зорлықпен қоныс аударылған өзге ұлт өкілдерін өзекке теппей, өз баласындай бауырына басқан қазақ халқының асыл қасиеттерін айшықтайтын мән-мағына беруге тырысқан. Жеті метрлік тұғырға қонған ескерткіш орын тебер алаңның жалпы көлемі 45,6х42,6 метр деп жоспарланған.
Монументтің орын тебер жері де дұрыс таңдалған: алыстан мендұндалап көрінетіндей өте ыңғайлы алаңқай. Монументтің бас қасбеті қарайтын Түркістан көшесінен және Салтанат қақпасы жағынан да көзге бірден түсетін болады.
Осыдан біраз бұрын Астанада, Орталық коммуникациялар қызметінде болған брифинг барысында Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов өңірдің елорда тойына тарту етер сыйы туралы толық ақпарат берген болатын.
– Зады, тартылған сыйдың қанша тұратыны айтыла бермейді. Дегенмен, бұл тартудың ту сыртында демеушілер тарапынан болған мол үлестің тұрғанын атап айтқым келеді. Олар бұл игі іске қатыстылығы барын жария еткісі келмейтін өзіміздің кәсіпкерлеріміз. Бірақ олар бұл сыйдың барша қарағандылықтар атынан екенін мақтанышпен айтады, – деп атап өткен еді Ерлан Қошанов.
Арқа төсіндегі алтын тәжді Астананың осыдан 10 жыл бұрынғы мерейтойына да Қарағанды облысы тамаша тарту жасаған болатын. Елорда циркінің алдына қарағандылық шеберлер қақ ортасында эквилибрист бала мүсіні орналасқан музыкалық субұрқақ салды. Субұрқақтың айналасына ертегі кейіпкерлерінің, жан-жануарлардың мүсіндері қойылды. Кеш түсе алуан түсті жарықпен әрленіп, музыка сазымен мың бұрала билеп, метр биіктікке дейін шапшитын бұл субұрқақ қазіргі уақытта Астананың ажарына айтарлықтай көрік берген композициялық кешендердің бірінен саналады.
Жиырма жылда жер-жаһанға түгел танылған Астана шаһары көрші облыстың дархан жүректен ұсынған тарту-сыйымен тіпті де шырайлана түсері анық. Ал қарағандылық құрылысшылар болса, «Ұлытау» аллеясы мен «Қазақ еліне мың алғыс!» монументінің жұмыстары маусым айының соңына қарай толық аяқталып, елорда жұртының көзайымына айналады деп жоспарлап отыр.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ