Аумақтық сайлау комиссияларының мәліметтеріне сәйкес, сайлау науқанында ауыл әкіміне 4 059 кандидат ұсынылып, олардың 3 951-і тіркеуден өткен, 4-24 тамыз аралығындағы сайлауда барлығы 1 416 ауыл әкімі сайланды. Таратып айтқанда, Ақмола облысында – 136, Ақтөбе облысында – 77, Алматы облысында – 129, Атырау облысында – 48, Шығыс Қазақстан облысында – 134, Жамбыл облысында – 89, Батыс Қазақстан облысында – 95, Қостанай облысында – 137, Қарағанды облысында – 129, Қызылорда облысында – 72, Маңғыстау облысында – 26, Павлодар облысында – 98, Солтүстік Қазақстан облысында – 138 және Оңтүстік Қазақстан облысында 108 ауыл әкімі сайланды. Ал Ақтөбе облысындағы бір ауылдық округте 20 қыркүйекте қайтадан сайлау өтеді.
Сайлаудың ұйымдастырылуы мен өткізілуін 14 облыстық, 28 қалалық және 160 аудандық аумақтық сайлау комиссиясы қамтамасыз етті. Әкімдік қызметке 1 264 (89,3%) ер, 152 (10,7%) әйел адам сайланды. Әкімдердің орта жас көрсеткіші 49,9 жасты құрайды. Сондай-ақ, әкімдердің басым бөлігі 45 жас пен 55 жастың аралығында. Мұны осының алдындағы сайлау-
мен салыстырғанда жас көрсеткіші 3 жылға ұлғайған. Ең жас әкім 25 жаста, ол Оңтүстік Қазақстан облысынан сайланған.
Сайланған әкімдердің арасында ауыл шаруашылығы бойынша мамандар саны 15,5%-дан 21,1%-ға артып отыр, бұл өткен сайлауға қарағанда 6,6%-ға өскенін көрсетеді. Барлық сайланған әкімдердің қатарында 370 педагог, 234 экономист, 225 инженер, 172 заңгер бар. Сайлауға бұрынғы әкімдердің 957-сі кандитат ретінде қатысты. Науқан барысында барлық деңгейдегі сайлау комиссияларына жеке және заңды тұлғалардан өтініштер түскен жоқ. Сайлау комиссиялары тарапынан қажетті ұйымдастырушылық іс-шаралар сайлау заңнамасына сәйкес жүргізілді.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»