Ведомство басшылары қоғамдық резонанс тудырған іс прокуратура мен ішкі істер департаментінің ерекше бақылауында болатынын жеткізді.
«Қанды оқиға болды, істің негізгі фигуранттары – құқық қорғау органдарының бұрынғы қызметкерлері екенін білеміз. Тергеу барысында ешқандай фактілердің бұрмаланбайтынын, бұра тарту болмайтынын айтқымыз келеді. Арнайы прокурордың басшылығымен жедел тергеу тобы құрылды. Күдіктілердің барлығы ұсталды, олардың ешқайсысы да жазасыз қалмайды. Қазіргі кезде тергеу амалдары жүргізілуде, қылмыс кезінде қолданылған қарулар да тәркіленді. Тергеу барысын өзім және ШҚО ІІД басшысы тікелей бақылауға алдық. Кінәлілер қатаң жауапкершілікке тартылады», – деді облыс прокуроры.
Бағбан Тайымбетов пен Жанарбек Бақтыбаев қайтыс болғандардың туыстарына облыс прокуратурасы мен ішкі істер департаментіне кез келген сұрақпен арыздана алатынын және жүргізілетін тергеу шараларына қылмыстық-процессуалдық кодексі талаптарының шеңберінде қатысуға болатынын айтты.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»