Қазақстан • 31 Наурыз, 2017

«Хабардың» тілшісі шекарада тапаншамен ұсталды

217 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Талантты, танымал тележурналист Әбдез Рахманұлы «Хабар» арнасының Өзбекс­тандағы меншікті тілшісі ретінде жұмысқа кіріскен тұста хизбутшылар Ташкенттің бірнеше жерінде жарылыс жасап, елдегі тыныштықты сақтап тұру үшін барлық салада өте қатаң тәртіп қолға алынады.

«Хабардың» тілшісі шекарада тапаншамен ұсталды

Алдымен шекара жабылады. Мемлекеттің ішінде де барлық жерде тексеру, тінту, аракідік атыс-шабыстың даусы естіліп қалатын. Әбекең сол жақта түсіріліп, монтаждалған сюжетін Шымкентке жеткізіп, облыстық телеарна арқылы Алматыға жіберіп жүріпті. Өзге жол да, әдіс те жоқ. Ол үшін шекараны кесіп өтуі керек. Кейде кеден бекетіне келіп, Ташкент жақтан, сағаттап рұқсат күтіп отырған кездері де болған. От­басы Алматыда тұрады. Өйт­­кені, Ташкентте қазақша оқы­татын мектептің реті келмеген.

Бірде көктемгі демалысқа әкесін сағынып іздеп келген балаларын Шымкенттен пойызға отырғызып жібермекші болып, жолға шығады. Мініп жүретін көлігі – сол Өзбекстанда шығатын, ел «бөлке нан» атап кет­кен «ДАМАС». Артынған-тартынған сөмкелері бар. Шекараға жақындай бере милиция тоқтатады. Қызметтік куәліктерін көрсеткенімен, оларға аса әсер ете қоймайды. Тексеру сөмкелерді тінтуге келгенде, бір шетінен қылтиып тапаншаның ұңғысы көрінеді. Әрі қарай Әбдез Рахманұлының өз сөзімен сабақтайық.

«Бірінші болып менің өзім шошып кеттім. Салған жерден біреулер білдірмей әдейі тас­тап жіберді ме, деген ой келді. Кәдімгідей сасқалақтадым, анда-санда айтатын өзбекшемді де ұмытып қалдым. Ашулансам орысшаға көшіп кететінім бар. Боқтық та кетіп қалды. Оны байқаған милиция ентіге ұмтылды. Шынымен тапанша. Әйелімде үн жоқ, қызым мен 9 жасар ұлым машинаның бір бұрышына тығылып қалыпты. Мен «иманымды үйіріп», түрмені көзіме елестете баста­дым. Ақырын саусағының ұшы­мен ұстап, тапаншаны алды. Әрі-бері аударып көрді. Арғы жақта тұрған командирін шақырды. Мен тіпті дем алудан қалдым, көзім шарасынан шығып барады. Әбден қорқып қалғандықтан-ау шамасы, әйелім боп-боз болып отыр. Бір кезде балама тіл бітті. Жыламсырап, «менің пис­толетім ғой» деді.

О, Алла, тура шын тапанша. Милиционер де аса сенбей тұр. Маған жан бітейін деді. Үйде жүргенде қызыма ойыншық пистолетімен су шаша берген соң ұрысқаным есіме түсті. Сол кезде барып, арқамды жуып тер аққанын сездім. Қайтадан бар білетін өзбекшемді тілімді бұрап тұрып айтып, түсіндіре бастадым. Адам жоқ жаққа бағыттап, шүріппесін басқан кезде тыз етіп су атылды. Милиционер екеумізде кереғар екі сезім. Мен пәледен құтылдым ғой деймін, ол «қап, бір мақтау естір едім» деп тұр, қатуланып маған қарап.

Шекарадан бері өткен соң, Қазақстанға, жолдың шетіне шығып тоқтап, бәріміз ішек-сілеміз қатып күлдік. Менің қисайтып өзбекше сөйлегенімді әйелім мен балаларым естеріне түсіріп, келеке етіп салады. Баламның қорқып дірілдегені сонша, әпкесінің қойнына тығылып, әншейінде аузы жабылмайтын, тілінен айырылып қалғанын айтамыз. Әйелімнің сөз таба алмай «ой-ой-ой» дей бергені. Әбден күліп біткен соң баламды біраз қуырып алдым. Қайдағы пәлені тауып алғандығын айтып. Бірақ, ол шекарада сонша тексеретінін қайдан білсін» дейді ақкөңіл, адал пейілді, аузын ашса жүрегі көрінетін әріптесіміз.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»



Соңғы жаңалықтар