Қазақстан Ұлттық Банкінің зерттеуі 2015 жылғы тамызға дейінгі кезеңде теңгенің долларға қатысты бағамын нақты белгілеу рубльдің құнсыздануы аясында РФ-ға экспорттық жеткізулердің құлдырауына және қазақстандық тауарлардың үшінші елдерге бәсекеге қабілеттілігінің төмендеуіне әкелгендігін көрсетті.
«Бағам саясатының Қазақстанның экспортында болып жатқан өзгерістерге ықпалы цилиндрға түрлі нүктелерден деген көзқарасқа ұқсайды: төменнен шеңбер ғана көрінеді, бүйірден тек тік төртбұрыш көрінеді. Біреулер теңгенің еркін өзгермелі болуынан экспорттаушылар үшін оң факторларды, басқалары тек теріс сәттерді көреді. Мұның бәрі қоғамның біртекті емес қабылдауын қалыптастырады.», – деп атап өтті Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төлем балансы және валюталық реттеу департаментінің бас маманы – «Теңгенің бағамын түзету талаптарымен Қазақстан экспорты» зерттеуінің авторы Қанат Қожамқұлов.Ұлттық Банктің маманы өзінің жұмысында энергия ресурстары бағасының және экономикалық ахуалды тұрақтандыру және отандық тауар өндірушілерді қорғау мақсатында импорт тарапынан қысымның құлдырауы аясында 2015 жылғы 20 тамызда Қазақстанда кейіннен теңгенің еркін өзгермелі айырбастау бағамына өте отырып, валюталық дәлізді жою туралы шешім қабылданғанын атап өтті. Осы шешімнен кейін болған бағамды түзету импорттың өсуін ғана шектеп қойған жоқ, сондай-ақ, Қазақстанның экспорттық құрылымына да нақты ықпал етті.
Зерттеуде шоғырлану тобы ретінде дайын тауарлар экспортының серпіні қаралып отыр, ол 2015 жылғы тамыздағы бағамның түзетілуінен кейін 12 айда 2,4 млрд долларды немесе шикізат емес экспорттың бестен бір бөлігін және Қазақстанның жалпы экспортының 6,6%-ын құрайды. Қазақстан экспорттайтын дайын тауарлардың ішінде ең көп үлесті тамақ өнімдері (дайын тауарлар экспортының 39,5%-ы, оның ішінде ұн, темекі өнімдері, балық өнімдері, сусындар, күнбағыс майы, кондитерлік өнімдер), химия өнеркәсібі және онымен байланысты салалардың өнімдері (23,3%), машиналар мен жабдықтар (19,2%, оның ішінде жеңіл автокөліктер, аккумуляторлар, подшипниктер), металдар және олардан жасалған бұйымдар (11,6%) құрайды.
Дайын тауарлар өндіру мен экспорттау – бұл, негізінен, шағын және орта бизнес (ШОБ) қызметінің аясы, ол неғұрлым дамыған, алайда көбіне қосымша құндардың халықаралық тізбегіне кірікпегеніне байланысты сыртқы факторлардың әсері мен валюта бағамының ауытқуларына барынша тез ұшырайды.
Жыл бойы 2015 жылғы тамызға дейінгі кезеңде отандық өндірушілер мен ШОБ экпорттаушылары шикізат ресурстарына әлемдік бағалардың түсуінен кейін болған сауда әріптес елдердің валютасының девальвациясы салдарынан импорттың қысымын қатты сезінді. Бұл кезең ішінде дайын тауарлар экспортының нақты жеткізулері өткен 12 аймен салыстырғанда, 18% қарқынмен төмендеді, ал шикізат тауарлары 7%-ға, аралық өңделген тауарлар 1%-ға төмендеді. Теңге бағамын тамыздағы түзету және теңгенің рубльге қатысты тепе-теңдігін қалпына келтіру дайын тауарлар экспортының нақты көлемін қалпына келтіруге мүмкіндік берді.
Ұлттық Банктің деректері бойынша Қазақстанның дайын тауарларының экспортын өткізу нарықтары 20-дан астам елді қамтиды, оның ішінде экспорттың жалпы көлемінің 78%-ы 10 ірі импорттаушы елге тиесілі. Бағам түзетілгеннен кейін 2015 жылғы тамызда 2,4 млрд долларға бағаланған Қазақстанның дайын тауарларының экспорты негізгі импорттаушы елдер бойынша былай қалыптасты: Ресей (23,9%), Өзбекстан (14,1%), Ауғанстан (12,5%), Қырғызстан (8,2%), Қытай (4,6%).
Статистика дайын тауарлар экспортының жартысынан астамы ТМД елдеріне (56,8%) және төртінші бөлігі дерлік Ресей Федерациясының нарығына тиесілі екендігін қөрсетіп отыр. Бұл ретте ТМД елдері валюталары бағамының серпіні көбінесе Ресей рублі бағамының өзгеруімен айқындалады.
Зерттеу барысында жүргізілген дайын тауарлар экспортының көлемдерін және Ресей рублінің Қазақстан теңгесіне қатысты номиналды бағамын салыстыру экспорт көлемінің төмендеуі ресейлік рубльдің девальвациясы аясында теңгенің долларға қатысты номиналды бағамы нақты тіркелген кезеңдерде болғанын көрсетті. Бұл ретте осы кезеңдерде жекелеген осындай Ресей тауарлары Қазақстан экспортының осыған ұқсас тауарларымен салыстырғанда ішкі нарықта ғана емес, үшінші елдердің нарықтарында да анағұрлым бәсекеге қабілетті бола бастады. «Яғни дәстүрлі өткізу нарықтарында отандық экспорттаушылардың логистикалық басымдықтары болмаған кезде Ресей рублі Қазақстан тауарларының ішкі, сондай-ақ сыртқы бәсекеге қабілеттілігін айқындайды», – деп тұжырымдады еңбектің авторы.
Өңделген тауарлар экспортының теңге рубльге қатысты бағамына тәуелділігі азық-түліктің негізгі түрлері бойынша байқалады. Теңгенің рубльге тепе-теңдігінің сақталуы сыртқы нарықта отандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, экспорт жеткізілімдерінің нақты көлемін қалпына келтіруге және ұлғайтуға мүмкіндік береді, бұл 2015 жылдың екінші жартысынан бастап байқалады.
Теңге бағамы өзгеруінің өңделген тауарлардың экспортына әсер етуін бағалау мақсатында экспорттың ай сайынғы деректері номиналдық және нақты айырбастау бағамдарының индекстерімен салыстырылды. Талдау нәтижелері экспорттың нақты жеткізілімдерінің теңге бағамының құбылуымен өзара байланысты екенін дәлелдеді. Атап айтқанда, теңгенің 2014 жылғы ақпандағы девальвациясының әсері байқалады, ол дайын тауарлардың экспорттық жеткізілімдерінің бар көлемін сақтап қалуға мүмкіндік берді. Дегенмен, 2015 жылғы тамыздағы валюталық дәлізді алып тастау алдындағы кезеңде рубльдің девальвациясы мен теңгенің нығаюы салдарынан экспорттың күрт төмендеуі байқалады. Өз кезегінде теңгенің еркін өзгермелі бағамы режімі енгізілгеннен кейін теңгенің рубльге тепе-теңдігінің қалпына келуі және нақты жеткізілімдердің өсуі байқалады.
Дайын тауарлар экспорты нақты көлемінің серпіні көбіне теңгенің рубльге номиналдық (түзету коэффициенті - 0,75) және нақты бағамдарының индексімен түсіндіріледі. Бұл ретте 2015 жылғы тамызға дейінгі және кейінгі кезеңдерде түзету 0,84-ке жетті. Зерттеу барлық қаралатын кезеңдерде (2013 жылғы қыркүйектен бастап 2016 жылғы тамызға дейін) дайын тауарлар экспортының нақты жеткізілімдері индексінің теңгенің рубльге қатысты номиналды бағамы индексіне түзету коэффициенті долларға қарағанда жоғары болғанын көрсетті. Мәселен, теңгенің рубльге қатысты айырбастау бағамы нығайған кезде қазақстандық өнімнің қымбаттағаны және дайын тауарлар экспортының төмендегені, ал теңгенің рубльге тепе-теңдігі қалпына келген кезде олардың экспортының өсуі байқалады. Сонымен бірге, дайын тауарлар экспорты құнының индексі доллармен неғұрлым тығыз байланысты болады, бұл әсіресе 2015 жылғы тамыздан кейін байқалады. Бұл экспорттың құнын бағалау кезінде бағалардың доллар баламасында көрсетілуімен түсіндіріледі.
«Жоғарыда жазылғандарды қорытындылай келе, қазіргі теңге бағамының рубльге тепе-теңдігі жағдайында дайын тауарлар экспортының оң үрдісі байқалатындығын атап көрсетуге болады. Мемлекет тарапынан шикізатқа жатпайтын экспортты қолдау қолайлы макроэкономикалық жағдайды және сыртқы нарықтарда отандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін қолдай алатын және Қазақстанның экспорттық позицияларын әртараптандыруға мүмкіндік беретін сараланған валюта саясатын қалыптастыру кезінде ең жоғары тиімділікті беретін болады», – деп тұжырымдады Қанат Қожамқұлов.