Әдебиет • 30 Наурыз, 2017

«Қайғы-құмда қайырлаған жыр-кеме...»

530 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

​Сөздің басын тақырыбымыздан бастайық, алдымызға сұрақты қазақтың қалыптасқан дәстүрлі поэзиясында жанға дауа «туған жер топырағын» Табылды әлемінде неге «қайғы-құмға» айналды деп қойсақ, айтар ойдың салмағын «қайырлаулы Жыр-кеме» қолданысы көтеріп тұрғанын көреміз.

«Қайғы-құмда қайырлаған жыр-кеме...»

Дәл осы авторлық қолданыстың төркінін талдар болсақ, «қайырлаған кеме» − адам санасына өзіне тіршілік, өміріне азық берер теңізінен айырылып, уақыт мүжіген қаңқасы мәнін жоғалта бастаған құбылысты елестетеді. Ал өлең мазмұнындағы соны теңеулерге «қайырлаулы Жыр-кеме» нүктесінен келер болсақ, ақынның жанын сыздатқан, оқырманға тосын қолданыс болып көрінер тентек тіркестер «қайғы-құм» да, «ұлы» түрме – ауыл да, «сорлы ақынды» шырмаған «жер-шідер» де қалыпты, түсінікті сипат алар еді...

ХХ ғасыр басында қазақтың зиялы қауымы аса бағалаған, Шәкәрім шығармашылық, ар-ұждан хақында пікір алысып, өзіне ұстаз тұтқан орыстың ұлы жазушысы Л.Толстой «Мінәжатында» өмірге өзін ұстап келген екі тәттісінен де (бала-шаға, шығармашылық) баз кешсе, Табылдыда бұл басқаша,

«Мұңданады туған жерден кете алмай,

Тұлданады жетеріне жете алмай,

Шырмалады жер шідерге сорлы ақын.»

«Тума бауыр тапса-дағы көңілін,

Торығумен өткізуде өмірін,

Туған ауыл дейтін «ұлы» түрмеде...»

«Мұңданған», «торыққан», «шыр­малған»  сорлы ақын «Ауыл»  атты «Ұлы» түрмеде құсалықтан рухани  дағдарысқа, тоқырауға түседі. Сахнаны сағынған ән-жүрек, жыр-көңіл Алып тұлға − Табыл­дының,

Арман ойы болғанменен мәңгі ұлы,

Алматымен тоқайласпай тағдыры.

Кеселі көп, нөсері жоқ өлкеде,

Сағыныштан жан-жүрегі өртене

Жанарының тыйылмайды жаңбыры...».

Алла тағдырына ерекше талантты сый етсе, ...Табылды талантына тағдырын сый еткендей, ол тұла бойын кернеп тұрған жыр-өлеңнің жарқырауын, тот бас­пауын, өткір тілінің қылыштай жүзінің майырылмауын, ән-жырының қанатының қайырылмауын тіледі. Осы арқылы «Таулары жоқ төбесінен бұлт ауған» даласымен сырласты, халқымен қауышты, ең бастысы рухани жалғыздығын жойды. Кішкене өлеңдегі үлкен образ өз жырларында Алматы нөсеріне жанын жау­ратып, Мараттардың рухымен табысты – бұл  Табылдының,

Кеселі көп, нөсері жоқ өлкедегі,..

– өз әлемі, рухани қамалы, қорғанысы еді. Ол «жоғалуды» да мойындады, тек рухани жойылудан қорықты,

...Адамдық ғұмыр біткен күн,

Ақындық ғұмыр бітпесін!

Тағдырдан жоғалып, тарихқа айнала бастаған Табылдының поэтикалық қоры ерекше, шағын да болса жазушылық зертханасы, ақындық мектебі қалды және әкесі Табылдының мақамын айнытпай салар Абыл қалды.

Жалпы, бәрімізге де Алматысыз «...жетпейтіндей бірдеңе...» болады да тұрады, ол рас. Нөсері аз өлкеде жаңбыр жауса «...қататындай Алматы үн» − деп небір сағым-елеске бой алдырамыз, ол да рас. Тек ендігі жерде сол сағым бұлттарға Табылдының да араласып кеткені болмаса... Мүмкін бір арманына жеткен болар, кім білген, жаратылысы ерекше жан еді ғой...    

Жайлы БАЛТОҒАЕВА,

филология ғылымдарының кандидаты

Атырау


Соңғы жаңалықтар