Аймақтар • 30 Наурыз, 2017

Келін көйлек кигіңіз келе ме?

1805 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл сауалға танымал актриса Гүлшарат Жұбаеваның мына бір тамаша бастама- сы жауап береді. Наурыз мерекесі күндерінде Гүлшарат та «Шабыт» деп аталатын дүңгіршегін ашып, онда келіндер шай құйғанда киетін көйлектердің алғашқы үлгілерін ұсыныпты.

Келін көйлек кигіңіз келе ме?

Алғашқы күндері жеңсіз камзолдары бар бірнеше келін көйлек сатылыпты. Камзолы анадай болсын, көйлегінің түсі мынадай болса екен дегендей, аздап болса да тапсырыстар да түсе бастаған.

Қазір баршамыздың басымызды қатырған бір мәселе – сән мен ұлттық дәстүрді үйлестіру. Ұлттық нақышы бар киімдерді баршаға ұнамды, заманауи  үлгіде тігу. Көшеге киіп шыққанда, көз сүйсі­нерліктей талғамға көтеру. Сондықтан болар, біз бұл жаңалыққа елең еттік.

Әу бастан ісмерлікке бейім актриса бұған дейін де өзінің шағын шеберханасында өте сәнді ұлттық нақыштағы перделер, төсек жапқыштар тігіп, бөлек қырымен танылып жүрген болатын. Әрине, ұлттық, сахналық киімдер де тігіп жүр. Бірақ, оған сұраныс сирек. Ал келін көйлектің жөні бөлек. Келін түсіруден үміт етпейтін үй жоқ.

– Өзім келін болып түс­кенде қып-қызыл қытай халатын киіп, көпшілікке шай құйған болатынмын. Күн ыстық болып, қонақтар кеткен соң қарасам, қызыл халаттың бояуы денеме әбден жұғып қалыпты. Сол кезде неге қазақша «келін көйлек» тікпейді екен деп ойлап қойғанмын. Мысалы, өзбек хал­қын­да келіндер шай құй­ғанда, тойға барғанда, қадірлі қонақтар келгенде, көршілерді күткенде киетін түрлі-түрлі көйлектері болады. Келін болып түс­кеннен кейін күнде соны кезегімен таңертең киіп шы­ғады. Орамалдары мен басқасын да соған үйлес­тіріп киеді.

Біз келін көйлектердің үлгісін барынша қара­пайым, оюлары нәзік, түс­тері аса бажыраймаған, көз­ге жұмсақ, денеге ың­­ғайлы етіп тігуге ұм­тылдық. Жеңдері мен бе­ліне резеңке салдық. Ол қыз­мет жасағанда, ыдыс-аяқ жуғанда ыңғайлы, түріп ал­ғанға жақсы. Кей­бір кам­золдардың жа­ға­сына аз­даған жасанды елтірі салып, тігіп көрдік. Әдемі шық­қан сы­ңайлы. Өйткені, ұлт­тық киім үлгілеріміз тері, был­ғарыға жақын, – дей­ді Гүл­шарат Жұбаева.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ


Соңғы жаңалықтар