Десек те, Сайын Мұратбековтің аруағының алдындағы парызды біз, жерлестері әлі де болса толыққанды атқара алмай жүргенімізді күллі қазақтың алдында қалай түсіндіреміз?
Осы ретте шырылдап жазушының туған қарындасы Майра Мұратбекова ғана жүгіріп жүр. Тума талантты зиялы қауым ұмытпай, Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин «Әдебиетімізде үлкен орны бар қаламгердің есімін ел есінде мәңгі сақтау мақсатында Талдықорған қаласындағы №9 мектепке Сайын Мұратбеков атының берілуіне ықпал етуіңізді сұраймыз» деп жазған хатын Алматы облысының әкімі Амандық Баталов еш кідіріссіз жүзеге асыру үшін Талдықорған қалалық әкімдігіне жолдайды. Бірден заңнама шеңберінде қадам жасалып, осы игі қадамды аталған мектептегі 102 мұғалімнің қуана қолдайтындығы туралы жеке қолдары қойылған хаттама өзге де құжаттармен бірге қала әкімі орынбасарының растауымен Алматы облыстық ономастикалық комиссиясының бекітуіне 07.10.2016 жылы жіберілген. Бірақ сырғытпа жауаппен мәселе ащы ішекше созылуда. Сондықтан, облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар жақында журналистермен бейресми кездесу өткізгенде біз осы мәселені көтерген едік.
Өңір басшысының орынбасары ономастикалық комиссия жұмысының ретсіздігін, кезінде тамыр-таныстық пен ағайындыққа жол берілгенін өткір сынап алып, қазақтың Сайынының жөні бөлектігін баса айтты. Орынды сөзді журналистер қолдап: «Ол қазақтың Сайыны ғой. Оқушылар Сайын Мұратбековтің шығармаларымен бұрынғыдан да жақын танысуына неге жол ашпасқа. Қайта сол мектеп түлектері мақтанатын болады», деген соң, өңір басшысының орынбасары бұл мәселе таяу уақытта нақты шешімін табатындығын басын ашып айтқан. Енді тиісті орынның ресми бекітуін күтеміз.
Сөйтіп, зиялы қауымнан бастау алып, халық пен биліктен қолдау тапқан көзайым хабарды ел газеті «Егеменнің» оқырмандарына сүйіншілеп жеткізуге асықтық.
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан»
ТАЛДЫҚОРҒАН