Жалпы өңірлік өнім үлесінде ауыл шаруашылығы 22 пайызды құрайды. Былтыр бұл бағытқа 45 миллиард теңге инвестиция тартылды. Экономикалық белсенді тұрғындардың үштен бірі осы салада жұмыс істейді.
Облыс диқандары «көктемнің әр күні – жылға азық» екенін жете түсіне отырып, биыл да дала жұмыстарын жоғары деңгейде өткізуге бір кісідей жұмылып отыр. Шынында да, дала еңбеккерлерінің алдында тұрған міндет ауқымды. 4 миллион 222,8 мың гектар алқапқа ауылшаруашылық дақылдарын орналастыру қалыптасқан мол тәжірибемен қатар, зор ұйымшылдықты қажет етері сөзсіз. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов астық өндірісін әртараптандыру аясында бұршақты дақылдардың егістік көлемін 1,5 есеге көбейту, ауылшаруашылық айналымына 71 мың гектар алқапты қосу міндетін қойды. Бұған майлы дақылдар мөлшері 712 мың гектарға жеткізілетінін ескерсек, енді монодақыл өсірумен ғана шұғылданып келген серіктестіктер мен қожалық жетекшілерінің іс тетігін жаңаша орайластыруларына тура келеді. Өйткені, дақылдың бір түрін ғана егумен шектелетіндер әлі аз емес. Бұл көбіне ұсақ, майда шаруашылықтарға тән. Біртекті дақылды еге бергеннен жердің тозатыны, топырақ құнары кемитіні әлдеқашан дәлелденген. Оның үстіне нарық талабын ескермей және болмайды. Мәселен, Аққайың ауданына қарасты «Полтавское» ЖШС бидай көлемін азайтып, керісінше, майлы дақылдарды арттыру есебінен ғана қомақты табыс тауып келеді. Бұл – үйренетін үрдіс.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының айтуынша, көктемгі егіске әзірлік жайы түрлі деңгейлердегі басқосулар мен жиындарда талқыланып, агротехникалық мерзімде өткізудің жолдары барынша қарастырылған. Бұл орайда, Үкіметтің қолдауы айқын сезіледі. Жыл басынан бері егіншілік саласына 17,6 миллиард теңге субсидия бөлініп, былтырға қарағанда 39,3 пайыз артық қарастырылған. Қажетті 65 мың тонна дизель отынының әр литрі 126 теңгеден босатылып, кестеге сай жеткізу белгіленген. Қазір оның 40 пайыз қоры жинақталған. Науқан қызған тұста түрлі маркалы 13500 трактор, 16000 тұқымсепкіш агрегат, 1170 егіс кешені ен даланы еңбек дүбіріне бөлейтін болады. Бүгінде техниканың әзірлігі 92 пайызды құрайды. Бір атап өтерлігі, жергілікті жерде құрастырылатын «SAMPO ASIA» комбайнына, «Батыр» деген брендпен шығарылатын К-704» тракторына сұраныс жоғары. Шетелдік техникаларға қарағанда бағасы арзан, техникалық мүмкіндіктері еш кем түспейді.
Синоптиктердің болжамы бойынша ылғал жеткілікті болатын сыңайлы. Топырақ қыртысындағы мөлшері қалыптағыдай. Ең бастысы, агротехникалық шараларды тиімді пайдалану қажет, вегетациялық кезеңді өткізіп алмау керек, дейді ғалымдар. Олардың қобалжитын жөні бар. Мәселен, Қызылжар ауданы «Зенченко және К» командиттік серіктестігінде орташа түсім 20-25 центнерден айналса, онымен көршілес кей шаруашылықтарда жағдай керісінше. Топырақ бонитеті деңгейлес бола тұра, өнім төмен. Оның бір ұшығы ұйымдастыру жұмыстарының төмендігіне келіп тіреледі. Тіпті жауапты науқанды маусымның алғашқы онкүндігіне дейін созып алатындар бар. Бұдан кейін қандай өнімділік күтуге болады?
Аймақта қыс ұзақ, жаз қысқа келетіндіктен, әрі соңғы жылдары климаттың өзгеруіне байланысты мамандар егіншілікті тәуекелі көп салаға жатқызып жүр. Бұл ойды ғалымдар да қостап, ерте пісіп-жетілетін тұқым түрлері өнімділікті 20-30 пайызға арттырады. Осы ретте жаңа технологиялар мен ғылым жетістіктеріне сүйене отырып, тұқым шаруашылығын жаңғыртудың, сұрыптарды таңдай білудің, орналастырудың маңызы зор, дегенді айтады. Бұл орайда, түпкі нәтижеге жетуге бағытталған кешенді шаралар атқарылып жатқанын айта кеткен жөн. Оның негізгілері– сұрып алмастыру мен жаңарту. Әзірленген 490 мың тонна тұқым стандартқа сәйкестендірілген. Көп жылғы тәжірибе бойынша топырақ құнарлылығына орай облыстағы орташа ерте пісетін тұқым топтары – 10-35, орташа пісетін – 65-75, орташа кеш пісетін тұқым топтары 10-15 пайызға дейін болу керектігі дәйектеліп, осы көрсеткіштерге жету мүмкіндіктері айқындалған. Вегетациялық кезеңі 72 күннен басталатын және жоғары өнімділікке ие «Омбы-35», «Памяти Азиева», «Астана» секілді ерте пісетін сұрыптар аудандастырылған.
Серпін танытар сәтке солтүстікқазақстандық аграршылар да сақадай-сай әзірліктермен келіп отыр деуге болады.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы