Қазақстанда 1 шілдеден бастап көтерме газ бағасы орта есеппен 33 пайызға өседі. Бұл туралы Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Вице-министрдің айтуынша, бұл шешім жылыту маусымынан кейінгі газ инфрақұрылымын жаңарту қажеттілігіне байланысты қабылданған.
«Өзгеріс тек көтерме бағаларға қатысты болып отыр. Бұл бағытта орташа өсім 33 пайызды құрайды, өңірлер бойынша нақты бөлінісі бар. Бұл саланы инвестициялық тұрғыдан тартымды етуіміз керек», деді ол.
Қашағанда қуаттылығы 2,5 млрд текше метр болатын газ өңдеу зауыты салынады
Вице-министр газ бағасын көтеру инфляциялық және экономикалық факторлармен де байланысты екенін атап өтті. Сонымен қатар министрлік өкілі көтерме бағаның өсуі тарифтердің бірден қымбаттауына әкелмейтінін айтты.
«Тұрғындар үшін қандай да бір күрт өсім күтілмейді. Бұл мәселе министрліктің бақылауында», деді Қайырхан Тұтқышбаев.
Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық экономика вице-премьері Серік Жұманғарин елде жылу мен су тарифтерінің өсуінен кейін газ және теміржол тасымалы бағалары да қымбаттайтынын хабарлаған еді.