Ұлтқа қызмет ету саяси күреспен ғана өлшенбейді. Халықтың көзін ашып, танымын кеңейтетін, дүниеге деген көзқарасын қалыптастыратын рухани көпірлер де керек. Сондай көпір салған тұлғаның бірі – Әлихан Бөкейхан. Ол аудармашылық қызметі арқылы қазақ оқырманын әлем әдебиетінің көрнекті өкілдерімен қауыштырды. Ги де Мопассан, Оскар Уайльд, Толстой, Чехов, Короленко, Мамин-Сибиряк шығармаларының қазақшаға тәржімеленуі – соның айғағы.
Әлихан Бөкейхан Толстойдың «Сурат кофеханасы», «Кавказ тұтқыны», «Жұмыртқадай бидай», «Жеті қарақшы», «Бір адамға қанша жер керек?», «Магнит», т.б. әңгімелерін, сондай-ақ «Қажы-Мұрат» повесін қазақ тіліне аударды. Солардың ішіндегі шоқтығы биік шығарманың бірі «Сурат кофеханасы» деуге болады. Әсілінде, бұл туындының авторы – француз жазушысы Бернарден де Сен-Пьер. Ол «Le Café de Surate» деп аталатын новелласын 1791 жылы жазған. 1824 жылы «Үнді күркесі, Сурат кофеханасы және тағы басқалар» деген атпен Лондондағы баспадан жинақ болып жарық көрген.
Оқиға Үндістанның Сурат қаласындағы бір кофеханада өрбиді. Кофеханаға парсы дінтанушысы кіріп, сонда отырған жұртқа Құдайдың бар-жоғы туралы сұрақ қояды. Мансапта жолы болмаған, мақсатына жете алмаған дінтанушы Құдайға деген сенімін жоғалтқан еді. Кофеханадағы адамдар әртүрлі діннің өкілі болатын. Алдымен пұтқа табынатын қара нәсілді адам, сосын брахман, одан кейін еврей, содан соң италиялық католик сөйлейді. Соңында протестант дін қызметкері мен мұсылман түрік сөз алады. Әрқайсысы өз дінінің ғана ақиқат екенін дәлелдеуге тырысады. Ешқайсысы ортақ пікірге келе алмайды. Сол кезде олар осы уақытқа дейін үнсіз отырған қытайлық шәкіртке жүгінеді. Шәкірт өзі көрген бір оқиғаны баяндай келе, әркім күнді өз елінде ғана жарқырайды деп есептейтінін, ал шын мәнінде ол бүкіл жер жүзіне бірдей сәуле шашатынын жеткізеді. Осы мысалды алға тарта отырып, әрбір дін Құдайды өзіне ғана тән етіп көрсеткісі келетінін, алайда Құдай өзін бүкіл адамзатқа табиғат арқылы танытатынын айтады. «Ainsi, plus l’homme étendra loin la puissance de Dieu, plus il approchera de sa connoissance; et plus il aura d’indulgence pour les hommes, plus il imitera sa bonté» (Сөйтіп, адам Құдайдың құдіретін қаншалықты кеңінен таныса, соншалықты оны тануға жақындай түседі; ал адамдарға қаншалықты кешірімді болса, соншалықты Оның мейірімін үлгі етеді), дейді ол. Шәкірттің осы сөзінен кейін кофеханада отырған адамдар терең ойға батады, шығарма осылай аяқталады.
Лев Толстой 1887 жылы осы новелланы орыс тіліне аударған. Толстой бұл шығарманы «Посредник» басылымына арнап жазып шыққан еді. Жазушыны Сурат кофеханасында болған діни пікірталас ерекше қызықтырған. Өйткені шығармадағы ой оның дүниетанымына жақын еді. Ол жоғарыдағы Бернарден де Сен-Пьер жазған жолды: «Чем выше будет понимать человек бога, тем лучше он будет знать его. А чем лучше будет знать он бога, тем больше будет приближаться к нему, подражать его благости, милосердию и любви к людям» (Адам Құдайды неғұрлым терең түсінген сайын, Оны соғұрлым жақсырақ таниды. Ал Құдайды жақсырақ таныған сайын, Оған жақындай түсіп, Оның мейірімі мен қайырымдылығына, адамдарға деген сүйіспеншілігіне көбірек ұқсауға тырысады) деп аударды. Алайда цензуралық кедергілер аударманың «Посредникте» жариялануына жол бермеді. Арада 6 жыл өткеннен кейін ғана, «Северный вестник» журналының 1893 жылғы №1 санына жарияланды.
Бұл шығарма Әлиханға да ұнаған. Ол новелланы француз тіліндегі түпнұсқадан емес, Толстой тәржімелеген орысша нұсқадан аударған. Әлиханның аудармасы алдымен 1900 жылы «Сурат кофейнесі» деген атпен «Дала уәлаятының газетінде» (№10–11 сандар) жарияланған. 1913 жылы «Қазақ» газетінің алғашқы үш санына «Дін таласы» («Сурат кофеханасы») (№1–3) деген атаумен толықтырып басылған. Әлихан жоғарыдағы жолды: «Неғұрлым Құдайды жоғары деп, биік деп, ұлық деп ұқса, соғұрлым жақсырақ танымақшы. Жақсырақ таныған сайын, Құдайға жақынырақ болмақшы. Жақын болудың мағынасы: рахметін көріп рақымды болмақ, мейірбандығын көріп мейірімді болмақ», деп түпнұсқадағы ойды кеңірек ашып тәржімелеген. Мұндағы жақындау – адамның мінезі мен болмысының өзгеруі. Құдайды таныған сайын адамның бойында рақым, мейірім, әділет секілді ізгі қасиеттер орнығады. Яғни Жаратушыға жақындау – көркем мінезге жақындау. Сол мінез адамның танымын түзеп, иманын кемелдендіреді. Ал иман дегеніміз, Абай айтқандай, көңілі қозғалмастай беріктік. Көңілі берік адамның ғана жүрегінен көркем сөз, парасатты ой туады.
Француз жазушысы қағазға түсіріп, Лев Толстой мен Әлихан Бөкейхан өз жұртына жеткізген бұл шығарма бүгін де маңызын жоғалтқан жоқ. Өйткені онда адамзат баласын ежелден толғандырып келе жатқан дін мен таным мәселесі қозғалады. Дін туралы таласта әлі де әркім өз ұстанымын ақтауға тырысады. Оған тоқтау салатын адамның таным таразысы ғана. Үш алыптың бұл шығарманы өз заманының жұртына жеткізбекке ұмтылғандағы мақсұты осы.