• RUB:
    6.63
  • USD:
    487.73
  • EUR:
    558.99
Басты сайтқа өту
Өнер Бүгін, 08:33

Қызықты кейіпкер қалай сомдалады?

Бәріміз де бала болдық. Кішкентай күнімізден сүйікті кейіпкерлерімізбен бірге өстік. Олардың бірі – бізді күлдірді, бірі – ойландырды, енді бірі қиын сәтте жігерлендірді. Бір ғажабы, кейбір кейіпкерлер арада ондаған жыл өтсе де ұмытылмайды. Ал енді біреулері экраннан кеткен бойда жадымыздан өшеді. Мұның сыры неде?

Анимацияға сұраныс жоғары

Мамандардың айтуын­ша, есте қалатын кейіпкер жасау – ани­мация мен кино өнеріндегі ең күр­делі міндеттің бірі. Өйткені көрер­мен алдымен оқи­ғаға емес, сол оқиғаның кейіпкеріне сенеді. Мультфильм режиссері Әбді­қа­дыр Сабырдың пікірінше, қы­зық­ты кейіпкер жасаудың басты сыры – архетиптік тереңдікте және ұлт­­­тық код пен жаһандық құн­ды­лықтың үй­лесімінде жатыр.

«Есте қалатын кейіпкерлер достық, махаббат, әділдік, ізгілік секілді мәң­гілік құндылықтарды арқалайды. Олар көрерменнің санасындағы батыр, қорғаушы немесе данагөй сияқты архетиптермен үндеседі. Ал тек уақытша трендке, сыртқы жылтыраққа немесе технологияға сүйенген бейнелер тез ұмытылады», дейді ол.

Кейіпкер сомдау тақырыбы бүгінде де өзектілігін жоймаған. Кейінгі жылдары қазақ тіліндегі балалар контентіне сұраныс артып, анимацияға назар аударушылар көбейді. Түрлі-түрлі мультфильмдер түсірілді. Олардың кей­бірі шетелдік байқауларда бақ сынап, қанжығасы майланған қазақ ани­мациясының қатары артты. Мәсе­лен, мына бір дерекке назар аударып көрсек: «2019–2024 жылдар аралы­ғында анимациялық фильмдер өнді­рі­сіне 1,4 миллиард теңге бөлін­ді. Со­ның нәтижесінде 47 мульт­фильм түсі­рілді». Бұл деге­ніңіз анимация сала­сы­на деген қызығушылықтың артып, жаңа кейіпкерлер мен тың оқиға­ларға сұраныстың өскенін көрсе­теді. Алайда есте қалатын кейіп­кер жасау тек қаржы мен тех­нологияға байланысты емес, оның негізінде терең идея мен мазмұн жатуы керек. Дәл осындай жағымды дүниенің бірі – балаларға арналған танымал ха­лық­аралық арна­лар­дың қазақ тілінде хабар тарата бас­тауы. Бұл – Мәдениет және ақпа­­рат ми­нистрлігі бастаған іскер топ­тың үлкен жеңісі деп бағалауға тұрар жаңалық.

Елімізде Бала­лар жылы аясында мемлекет­тік тілдегі анимациялық контентті дамыту мақсатында қазақ тілінде көрсеті­летін жаңа «Nickelodeon HD» арнасы тұсауын кесті. Жоба жоғарыда аты аталған министрлік бас­тамасымен жүзеге асты. Кейін­нен балалар аудиториясына арналған басқа да халықаралық контентті қазақ тіліне бейімдеу жұмысы жалғасын тапты. Соның ішінде TiJi арнасының мульт­фильмдерінің де қазақ тілінде ұсыны­луы  балаларға ана тілінде сапалы ани­мациялық өнімдерді көруге жол ашты. 

Кейіпкер мінезден басталады

Көпшілік кейіпкер жасауды әдемі сурет салумен байланыстырады. Алайда кәсіби аниматорлар мен сценаристер алдымен таңдалған тұлғаның мінезін, мақсатын және өмірлік ұстанымын қалыптастырады. Кейіпкер – жай ғана бейне емес. Ол шешім қабылдайды, қателеседі, қиындыққа тап болады, сол арқылы көрерменге өзін танытады. Авторлар көбіне жаңа образдарды өмірдегі адамдардан алып жасайды. Кейде таныс адамның әдеті, кейде көшеде көрген бейтаныс жанның мінез-құлқы болашақ кейіпкердің негізіне айналады.

Әр кейіпкердің өз мақсаты болуы керек. Бірақ мақсаттың өзі жеткі­ліксіз. Оның қорқынышы, әлсіздігі мен кемшілігі де болуы қажет. Өйт­кені мінсіз кейіп­керлер шынайы көрінбейді.

Әбдіқадыр Сабырдың айтуын­ша, кейіпкерді шынайы ететін нәрсе – оның ішкі қайшылығы мен жанды сезімі. «Баладай пәк, бірақ қателесе­тін, қорқатын, соған қарамастан алға ұмтылатын кейіпкер көрерменге жақын болады. Анимацияда бұл оның қимыл-қозғалысы, пластикасы, көзқарасы арқылы беріледі. Кейіп­кердің әр әрекеті ішкі әлемінен хабар бергенде ғана ол шынайы өмір сүре бастайды», дейді режиссер.

Оның сөзінше, кәсіби тәжіри­беде алдымен кейіпкердің пси­хология­лық портреті жасалады. «Бұл кім? Оның мақсаты не? Ол қандай ортадан шық­қан?» деген сұрақтарға жауап табыл­ғаннан кейін ғана сыртқы келбет қалып­тасады. Өйткені сыртқы бейне – ішкі мазмұнның көрінісі. «Disney» студиясының аниматоры Том Бэнкрофт кейіпкер жасаудағы ең маңызды нәрсе оның сыртқы кел­беті емес, көрерменге жеткізетін ойы екенін айтады. Ал жазушы Стивен Кинг жақсы кейіпкердің кейде автор­дың өзін де таңғалдыруы мүмкін екенін жазған. Сондай-ақ анимация шеберлері Олли Джонстон мен Фрэнк Томастың пікірінше, кейіпкердің тартымдылығы қай кезде де шешуші рөл атқарады. Көрермен оған сеніп, тағдырына қызығуы керек. 

Образ несімен маңызды?

Кейіпкердің сыртқы бейнесі оны есте сақтауға көмектеседі. Сондық­тан аниматорлар силуэт­ке, түстерге, мимикаға ерекше мән береді. Табыс­ты жасалған кейіпкерлердің көбін көрермен тек көлеңкесінен-ақ таниды. Бұл – сәтті дизайнның басты бел­гісінің бірі. Түстер де бел­­гілі бір әсер қалдырады. Мы­са­лы, жылы әрі ашық түстер қуат пен белсен­ділікті білдірсе, сал­­қын реңктер сабырлық пен жұм­­бақтықты меңзейді. Ал ерек­ше қимыл немесе ым-ишара кейіп­кер­дің даралығын айқындай түседі.

Қызықты кейіпкердің арманы болады, ол қателеседі, жеңіледі, қайта тұрып күреседі. Оның басынан өткен өзгерістер оқиғаны тартымды етеді. Көрермен өзіне ұқсас кейіпкер­лер­ге жақын келеді. Өйткені олардың қуанышы мен қайғысы, қорқынышы мен үміті кез келген адамға таныс сезім.

Әбдіқадыр Сабыр есте қалар кейіп­кердің ең маңызды қасиеті ретінде харизма мен бірегейлікті атайды. «Кейіпкердің өзіне ғана тән ерекшелігі болуы шарт. Бұл сыртқы белгі де, сөйлеу мәнері немесе мінез-құлқы да болуы мүмкін. Көрермен оның тек силуэтін көргенде-ақ кім екенін тануы керек», дейді ол.

Мәселен, режиссер Констан­тин Бронзит үшін ең бастысы – оқиға. «Оқиғаның идеясы туындаған сәтте кейіпкер де бірге дүниеге келеді. Оның жүзі, дене бітімі, киімі, тіпті ең ұсақ деталіне дейін оқиға анықтайды. Кейіпкер өз рөліне бағынады. Рөлсіз кейіпкер болмайды», дейді осы сала­ның білікті маманы. Дегенмен сырт­қы келбет қаншалықты тартымды болғанымен, көрерменді ұстайтын – кейіпкердің мінезі. 

Жас аниматор жіберетін қателіктер

Осы салада ойып тұрып алатын орны бар мамандардың ай­туын­ша, ең жиі кездесетін қателік­тің бірі – дайын үлгілерді көшіру. Мұндай ке­йіпкерлердің өзіндік болмысы болмайды. Біреудің дайын идеясымен алысқа ұзап кетем деу, ол – әрине, арман! Тағы бір қателік – кейіпкерді шамадан тыс күрделендіру. Артық детальдар мен басы артық функциялар образдың тұтастығын әлсіретеді.

Әбдіқадыр Сабыр сондай-ақ мі­нездің тұрақсыздығын үлкен мәселе ретінде атап өтеді. Егер кейіпкердің әрекеті оның бұрын қалыптасқан мінезіне сәйкес келмесе, көрермен оған сенбейді.

Айталық, «Апалы-сіңлілер» мульт­фильмінің авторы Уильям Мори де басты қиындықтың бірі – қиял­дың жетіспеуі және өзіңді үнемі басқа авторлармен салыстыру екенін айтады. «Ең алдымен мықты сценарий болуы керек. Егер оқиғаның қай ба­ғытта дамитынын білмесеңіз, кейіпкерді дамыту әлдеқайда қиын», дейді ол.

Моридің пікірінше, жас аниматорлар кейіпкердің бейнесін шамадан тыс күрделендіріп жібереді. Ал комикс пен анимацияда кейіпкерді мыңдаған рет әртүрлі қалыпта салуға тура келеді. Сондықтан оның құры­лымы түсінікті әрі ыңғайлы болуы маңызды. Константин Бронзит те жас авторлардың жиі жіберетін қателігіне тоқталады.

«Алдымен кейіпкер жасап ала­йын, кейін оған оқиға ойлап табармын деген тәсіл – қате. Кейіпкер әрекет үстін­де ғана ашылады. Ол бастан кешкен оқиғалар мен қиындықтар арқылы көрерменге танылады. Қызықсыз оқи­ғада қызықты кейіпкер болуы мүмкін емес», дейді режиссер. 

Кейіпкер туралы кеңес

Әбдіқадыр Сабыр жас автор­ларға өмірді көбірек бақылауға кеңес береді.

«Тек мониторға қарап отырмай, айналадағы адамдарды, бала­ларды, жа­нуарларды бақы­лаңыздар. Олардың мінезі мен эмоциясын қағазға түсіріп үйре­ніңіздер. Нағыз өмірден алын­ған деталь ғана анимацияда жанды көрінеді», дейді ол.

Сондай-ақ режиссер ұлттық мұ­раға назар аударудың маңызын атап өтеді. «Фольклорымыз, ертегілеріміз бен дүниетанымы­мыз – сарқылмас қазына. Оны зама­науи тілде және жаңа техно­ло­гиялардың көмегімен әлемдік деңгейде көрсетуге болады», дейді маман. – Жасанды интеллект пен жаңа бағдарламалар – тек құрал ғана. Ал негізгі қозғау­шы күш – ав­тордың идеясы мен шығармашылық көзқарасы».

Шын мәнінде, қызықты кейіп­кер – тек сәтті салынған сурет емес. Ол – өз арманы, қорқы­нышы, мінезі мен тағдыры бар тұлға. Көрермен дәл осындай кейіпкерден өзін көреді, олармен бірге қуанып, бірге уайымдайды. Сондықтан да кейбір кейіпкерлер ондаған жыл өтсе де халық жадында өшпестей сақталып қалады. Қазақтың анимация өнеріне дәл қазір ауадай қажет болып тұрғаны да осы еді...

 

Жаннұр АПСАМЕТ,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті

Соңғы жаңалықтар