• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 08:47

Тілсіз жауға – тегеурінді тосқауыл

Арақарағай орман шаруашылығының аумағында «Өрт-2026» республикалық оқу-жаттығуы өтті. Іс-шарада өрт қаупі кезеңіне дайындық барысы пысықталып, азаматтық қорғаныс күштерінің төтенше жағдайдың алдын алу, өрт сөндіру кезінде өзара іс-қимыл тәжірибесі тексерілді.

Іс-шараға өңірлік орман және табиғатты қор­ғау мекемелері, азаматтық қорғаныс қыз­мет­тері, құқық қорғау органдары, әскерилер, аумақ­тық қорғаныс күштері, Ақмола, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл өңірлерінің, Ресей­дің Омбы, Қорған, Түмен облыстарының, Қырғыз­станның төтенше жағдай мамандары қатыс­ты.

Екікүндік оқу-жаттығудың алғашқы кезеңін­де азаматтық қорғаныс қызметтерінің өзара әрекеті, жедел ақпарат алмасу, шұғыл тапсыр­ма­ларды орындау машығы пысықталды. Оқу-жаттығудың шартына сәйкес, Алтынсарин ауда­нының Қызыл Кордон ауылы маңындағы орман алқабында өрт шығып, күшті жел, аптап ыс­тықтың әсерінен тілсіз жау өршіп кетіп, көр­шілес өңірлерге қауіп төндірді. Шартты төтен­ше жағдай аймағына азаматтық қорғаныс күштері мен техника құралдары шұғыл жетіп, орманға жақын маңға республикалық жедел штаб орналасты. Бірлескен құтқару күші өрт ошақтарын оқшаулап, елді мекендер мен эко­но­микалық маңызы бар нысандарға төнген қауіп­тің жолын кесті. Орталық штабтың нұсқауымен тұр­ғындарды, халықтың қолындағы төрт түлікті эва­куациялау, газ, электр көздерін ажы­­рату, Ресей­­дің шекаралас өңірлері мен көр­шілес елді мекендерге өрт туралы жедел ақпарат жіберу тәртібін пысықтады.

Оқу-жаттығуға 300-ге жуық құтқарушы қаты­сып, 77 арнайы техника, он шақты пилотсыз ұшу аппараты, 5 әуе кемесі, 1 өрт сөндіргіш пойыз сынақтан өтті. Мамандар табиғи өртке қарсы әуе кемелерін пайдаланудың тиімді екенін айтады. Соның дәлеліндей, бір мезетте көкке көтерілген бес бірдей тікұшақ өрт ошағына алма-кезек су бүркіп, лаулаған өртті демде сөндірді.

Іс-шараға Төтенше жағдай министрінің орынбасары, генерал-майор Кәмал Ғалымұлы, облыс әкімі, Экология вице-министрі, сондай-ақ орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың басшылары қатысты.

– Тікұшақтар өзеннен су алып, әуеден өрт сөн­діру жұмыстарын біз күткендей атқарып шықты. Түрлі мақсаттағы арнайы техника­лар­дың қатарында байланыс көліктері, медицина қыз­метінің техникалары, өрт сөндіру авто­цис­тер­налары бар. Бүгінгі жаттығу арнайы тех­ни­каның мүмкіндігі артқанын, құтқару­шы­лар­дың өзара бірлескен іс-әрекетінің жүйелі жолға қо­йыл­­ғанын көрсетіп берді, – деді ТЖМ Өртке қар­сы қызмет комитетінің төрағасы Ерлан Төрегелдиев.

Іс-шараның тәжірибелік бөлімінен соң жедел штаб оқу-жаттығуды қорытындылады. Жиынға Төтенше жағдай вице-министрі, генерал-майор Рамиль Камалов, Қостанай облы­сы­ның әкімі Құмар Ақсақалов қатысты. Р.Камалов мұн­дай ауқымды оқу-жаттығу осымен үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр­ға­нын айтты. Абай, Қостанай облыстарында болған алапат орман өртінен кейін орталық мем­ле­кет­тік органдар, Экология және табиғи ресурс­тар министрлігі мен ТЖ министрлігі табиғи сипат­тағы төтенше жағдайлардың алдын алу, таби­ғи қауіпке қарсы жедел әрекет ету жүйесін жетіл­­діру бағытындағы ауқымды жұмыстарды қолға алған.

– Табиғи орман өрттеріне қарсы әрекет етудің жеті кезеңнен тұратын бірлескен алгоритмі енгізілді. Ол күнделікті дайындық режі­мінен бастап, трансшекаралық аумақтарға таралу қаупі бар ірі орман өрттеріне дейінгі бар­лық жағдайларды қамтиды. Алгоритм Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасына, орталық мем­лекеттік органдарға таныстырылды. Оқу-жаттығулардың басты мақсаты – ақпарат алмасудың жеделдігін қамтамасыз ету, табиғи өрттердің бастапқы кезеңінде дер кезінде әрекет ету, өрттің ауқымды сипат алуы-на жол бермеу. Әсіресе қылқан жапырақты орман алқап­тарындағы өрттердің алдын алу, оларды қысқа мерзімде оқшаулап, жою – негізгі мін­деттің бірі. Қазірде өрт сөндіру техни­ка­ла­рының шамамен 90 пайызы жаңартылды. Трак­торлар мен минералданған жолақтар жасауға арналған арнайы жабдықтар сатып алынды. Орман шаруашылықтары заманауи дрон­дар­­­мен жабдықталып жатыр. Ірі өрттерден кейін қа­былданған кешенді жоспар аясында мұндай ма­териал­дық-техникалық жарақ­тан­ды­ру жұ­мы­сы жүйелі түрде жүргізіле бастады, – деді Р.Камалов.

Кейінгі жылдары Төтенше жағдай министр­лігінің техникалық әлеуеті едәуір артқан. Бүгінде министрлік қарамағында 40-қа жуық әуе техникасы бар. Экология және табиғи ресурстар министр­лігімен жасалған келісім аясында 15 әуе кемесі әуеден патрульдеуге, өрт ошақтарын жедел жоюға пайдаланылады. Авиациялық тех­ника өңірлердегі қылқан жапырақты орман алқаптарын толық қамтитындай етіп орналас­ты­рылған.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов өңірде 2022 жылы орын алған ірі орман өртінен кейін материалдық-техникалық базаны нығайту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылғанын тілге тиек етті.

– Атап айтқанда, 51 өрт сөндіру автокөлігі, 86 трактор, 36 шағын орман өртін сөндіру кешені, 26 патрульдік автокөлік, 16 тіркемелі жабдық, екі тіркемелі өртке қарсы жабдық сатып алынды. Бұл мақсаттарға жалпы көлемі 6,8 млрд теңге қаржы жұмсалды. Облыс әкімдігі орман мекемелерін заманауи арнайы техникамен, байланыс құралдарымен қамта­масыз ету жұмысын алдағы уақытта да жал­ғастырады. Өңірде жүйе­лі түрде өтіп тұратын оқу-жаттығулар ауыл­дық жерлердегі өрт сөндіру қызметтерінің қуаты артқанын көрсе­тіп отыр. Биыл «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында облыста 18 жаңа өрт сөндіру бекеті ашылады. 12 бекетті жөндеуден өткізу жоспарланып отыр. Нәтижесінде, облыстың 34 мыңнан астам тұрғыны бар 75 елді мекені өртке қарсы қауіпсіздік шараларымен қамтамасыз етіледі. Облыс әкімдігі ауылдық жерлерде өртке қарсы еріктілер күшін қолдауды жалғастыра береді. Оқу-жаттығулар барысында барлық мемле­кет­тік органдардың жеке құрамы жоға­ры кәсібилік, ұйымшылдық танытты. Орман­ның, азамат­та­рымыздың қауіпсіздігі – әрқай­сы­мыз­дың қыра­ғы­лығымыз бен жедел әреке­ті­міз­ге байланысты, – деді өңір басшысы.

Іс-шараның Арақарағай орман алқабында өтуі де кездейсоқ емес. Қостанай облысы ерекше бақылауды, төтенше жағдайға қарсы жоға­ры дайындықты қажет ететін орманға бай өңірдің бірі. Ал оқу-жаттығулар қауіпті ерте анықтау жүйесінің тиімділігін бағалауға, ғарыш­тық мониторингімен орман алқаптарын қатаң бақылауға алуға, сондай-ақ табиғи өрт ошақтарын жедел жоюға мүмкіндік береді.

 

Қостанай облысы 

Соңғы жаңалықтар