Мемлекет басшысының кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында Мәдениет және ақпарат министрлігі кітапхана саласын цифрландыру бағытындағы жұмыстарды жалғастырып келеді. Ведомствоның мәліметінше, Қазақстанның ұлттық электронды кітапханасының материалдары жыл басынан бері 3,6 миллионнан астам қаралым жинаған, деп хабарлайды Egemen.kz.
Сондай-ақ қашықтан пайдаланушылар саны 295 мыңнан асып, электронды көшірмелерді жүктеу көрсеткіші 891 мыңға жеткен.
Министрлік мәліметінше, жыл басынан бері электронды кітапхана қорына 2 506 цифрлық көшірме енгізіліп, 437 құжат өңдеуден өткен. Сондай-ақ 127 555 бет цифрландырылған. Қазіргі уақытта электронды кітапхана қорында 86 315 құжат сақтаулы. Оның ішінде 10 мыңнан астамы – сирек кітаптар мен қолжазбалар бар.
Бүгінде электронды кітапхана қызметін әлемнің 122-ден астам елінің оқырмандары пайдаланады. Порталға Қазақстанмен қатар Қытай, Ресей, АҚШ, Вьетнам, Өзбекстан, Түркия, Германия, Франция және Қырғызстан тұрғындары ерекше қызығушылық танытып отыр. Қордағы электронды материалдар әлемнің 70 тілінде қолжетімді.
Аида Балаева кітапханалардың қызметіне жан-жақты талдау жүргізуді тапсырды
Порталдағы барлық материалдарды тіркелмей-ақ еркін қарауға болады. Ұлттық электронды кітапхана қорында мемлекеттік бағдарламалар аясында жарық көрген кітаптар, сирек құжаттар мен қолжазбалар, түркітілдес елдер кітапханасы және басқа да тақырыптық жинақтар ұсынылған.
Еске сала кетейік, Мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзінде Президент Ұлттық цифрлық кітапхана платформасын құру бастамасын көтерген болатын. Бірыңғай платформа электронды каталогтарды, цифрлық қорларды, білім беру ресурстары мен заманауи сервистерді біріктіріп, азаматтардың еліміздің әдеби және ғылыми мұрасына қолжетімділігін кеңейтеді.