«Адал LTD» компаниясы бұған дейін бидай тартып, ұн шығарып, оны өзге өңірлерге жөнелтіп отыратын. Мемлекет қолдауына арқа сүйеген кәсіпорын таяуда өндіріс аясын кеңейтіп, макарон цехы мен жасымық, бұршақ өңдейтін өндірісті іске қосты.
Компанияға тиесілі диірмен кешені он бес жылдан бері сапалы ұн шығарады. Шикізатты көбіне Федоров ауданының шаруашылықтарынан сатып алады. Заманауи диірменнен шыққан жоғары, бірінші сұрыпты ұн Түркияға экспортталады. Ал кебегі мал азығы есебінде арзан бағамен өзге өңірлерге жөнелтіледі. Кәсіпорын кейінгі бір жыл көлемінде өзі өндіретін жоғарғы сұрыпты ұннан макаронның ұзын, қысқа түрлерін жасап шығара бастады.
«Көп жылдардан бері бидай өңдеумен айналысып келеміз. Бұл салада мол тәжірибе жинақтадық десек болады. Бастапқы кезеңде ұн шығарумен ғана шектеліп келсек, қазір өзіміздің шикізаттан макаронның түр-түрін шығарып жатырмыз. Біздің кәсіпорында ұн өңдеуден бастап, дайын макарон өнімдеріне дейінгі толық өндірістік цикл жолға қойылған. Шикізат ретінде қатты бидайды ғана пайдаланамыз. Өндірістің тәуліктік көлемі тапсырыс ауқымына байланысты өзгеріп отырады. Мұнда 15 адам жұмыс істейді. Ең алдымен еңбек қауіпсіздігі, тазалық талаптарына мән беріледі», дейді серіктестік директоры Талғат Наурызбаев.
Компания ешбір химиялық қоспасыз таза макаронның он шақты түрін өндіреді. Мәселен, цехтан тәулігіне 72 тонна қысқа кесілген макарон, 24 тонна спагетти шығады. Өнім ішкі, сыртқы нарыққа бірдей саудаланады.
Компания 2021 жылы бұршақ дақылдарын өңдейтін тағы бір желіні іске қосқан. 50 шақты адам жұмыс істейтін бұл өндіріс орнында тәулігіне 240 тонна бұршақ, жасымық өңделеді. Өнімнің дені шетелге экспортталады.
«Даму-Өндіріс» бағдарламасы арқылы жеңілдетілген несие алып, аумағы 4000 шаршы метр болатын жаңа нысанның ғимаратын салып шықтық. Кейін «Өрлеу» бағдарламасы аясында 12,6 пайыз жылдық сыйақымен 300 млн теңге несие алып, өндіріске қажет құрылғыларды сатып алдық. Аталған мемлекеттік қолдау тетігі өндіріске өте қолайлы. Цехтың керек-жарағын жеткізу, орнату жұмысына бір жылдай уақыт кетті. Бүгінде өндіріс тұрақты жұмыс істеп жатыр, 20 адам еңбек етеді. Өндіріс толық автоматтандырылған режімде жұмыс істейді», дейді компанияның қаржы директоры Әлия Ахметова.
Компания шикізатты жергілікті шаруалардан сатып алады. Одан өңдеп шығарған дайын өнімнің 70–75 пайызын Түркияға жөнелтеді. Алайда кейінгі жылдары отандық нарықта жасымыққа деген сұраныс арта түскен. Әлия Ахметованың айтуынша, жасымық бұршақ өзге де жармалардан әлдеқайда құнарлы әрі денсаулыққа пайдалы микроминералдарға бай. Оның үстіне, пісуі де тез, әрі кетсе 10 минуттың ішінде дайын болады. Сондықтан кейінгі жылдары тұтынушылар тарапынан бұршаққа қарағанда жасымыққа сұраныс артып келеді.
«Біз оңтүстік өңірлерге жасымық жібереміз. Алайда өнімнің көбін Түркия сатып алып жатыр. Басты міндет – өңір шаруашылықтары өсіріп жатқан дақылдарды шетелге шикізат түрінде жібермей, өңдеп, дайын өнім түрінде жөнелту. Бүгінде біз сияқты кәсіпорындарға мемлекет жан-жақты жағдай жасап, үлкен қолдау көрсетіп жатыр. Президент ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу саласын дамытуды тапсырып отыр. Мұндай жағдайда талап қылып, алға ұмтылмауға болмайды. Біздің компанияның бүгінгі тыныс-тіршілігі, қол жеткізіп жатқан табысы мемлекеттің азық-түлік саласында атқарып жатқан ауқымды істерінің тамшыдай ғана бір көрінісі екені даусыз», дейді кәсіпорын басшысы.
Қостанай облысы