• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Парламент Бүгін, 12:27

Қазақстанда шетелдік шаруаларды жұмысқа алу талаптарын жеңілдету ұсынылды

«Ауыл» партиясы фракциясының жетекшісі Серік Егізбаев Премьер-министр Олжас Бектеновтің атына депутаттық сауал жолдап, ауыл шаруашылығы саласына шетелдік жұмыс күшін тарту тетіктерін қайта қарауды ұсынды. Оның айтуынша, фермерлер кадр тапшылығына тап болып отыр, ал қолданыстағы көші-қон талаптары аграрлық сектордың нақты қажеттіліктеріне сай келмейді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Депутат ауыл шаруашылығындағы кадр тапшылығы мәселесін көтеріп, шетелдік жұмыс күшін тартуға қатысты заңнаманы жетілдіруді сұрады.

Ол өз сауалында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылы ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің форумында айтқан сөзін еске салды. Президент сол кезде аграршылардың жұмыс күші жетіспейтіні туралы өтініштері көбейгенін және еңбек мигранттарына бөлінетін квоталарды ішінара ұлғайту мүмкіндігін қарастыру қажет екенін мәлімдеген болатын.

Фракция мәліметінше, бүгінде елдің барлық өңірлеріндегі шаруашылықтар тұрақты кадр тапшылығын сезініп отыр. Әсіресе егіс және орақ науқандары кезінде, өндірісті кеңейту мен жаңа нысандар салу барысында жұмысшы жетіспеушілігі айқын байқалады.

Көктемгі егіс науқаны: Биыл қанша фермер жеңілдетілген несие алды?

Қолданыстағы құқықтық реттеу ауыл шаруашылығы өндірісінің ерекшеліктерін толық ескермейді. Бұл фермерлердің жұмысын қиындатып қана қоймай, жемқорлық тәуекелдерінің пайда болуына да негіз болуы мүмкін.

2025 жылы жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстанда 14 210 шетелдік азамат еңбек еткен. Оның ішінде ауыл, орман және балық шаруашылығы саласында жұмыс істегендердің саны 3 475 адамды немесе жалпы көрсеткіштің шамамен төрттен бірін құрады.

Сонымен қатар депутат дәл осы кезеңде үй шаруашылығындағы жұмыстарды орындау үшін Қазақстанға 324 мың шетелдік азамат келгенін атап өтті. Олардың пікірінше, бұл көрсеткіштердің арасындағы үлкен айырмашылық еңбек ресурстарының бір бөлігінің ресми статистикадан тыс тартылып жатқанын көрсетуі мүмкін.

«Фермерлер шетелдік жұмыс күшін тарту кезінде көптеген шектеулерге тап болады. Мәселен, бір адамның мекенжайы бойынша тіркелетін шетелдік азаматтардың санына шектеу қойылған. Сондай-ақ шетелдік жұмысшылар тек тіркелген мекенжайда ғана еңбек етуге міндетті. Ал мал шаруашылығында жұмыс көбіне тіркеу орнынан жүздеген шақырым қашықтағы жайылымдарда жүргізіледі», деді ол.

Серік Егізбаев Ұлытау облысындағы шаруалардан биыл көші-қон қызметі тарапынан жүргізілетін тексерулердің көбейгені туралы шағымдар түскенін де мәлімдеді. Аграршылардың пікірінше, мұндай тексерулердің негізгі мақсаты құқықбұзушылықтың алдын алу емес, әкімшілік жауапкершілікке тарту көрсеткіштерін арттыруға бағытталған.

Осыған байланысты Үкіметке шетелдік жұмыс күшін тарту мәселесін жеке қарауды ұсынды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығындағы маусымдық жұмыстардың ерекшелігін ескере отырып заңнаманы талдау, шетелдік жұмысшыларды тіркеу және көші-қон бақылау тетіктерін қайта қарау, аграрлық сектор үшін неғұрлым икемді құқықтық механизмдер енгізу, сондай-ақ шаруаларға негізсіз әкімшілік қысым көрсетуге жол бермеу ұсынылды.

Маңғыстауда жаппай мал қырылып жатыр: фермерлер өтемақы талап етті

Бұдан бөлек, депутаттар мемлекеттік органдар мен аграрлық қауымдастық өкілдерінің қатысуымен арнайы ведомствоаралық кеңес өткізуді сұрады.

Соңғы жаңалықтар