Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасы Марат Омаровты қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Агенттік басшысы Президентке «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлықтың іске асырылу барысы жөнінде есеп берді.
Марат Омаровтың сөзінше, Жарлықты орындау аясында квазимемлекеттік секторды қысқарту және бәсекелестікті дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы мақсатта Жекешелендіру жөніндегі ұлттық кеңсенің қатысуымен 2026-2030 жылдарға арналған квазимемлекеттік сектор субъектілері мен мемлекеттік меншік объектілерін оңтайландыру жоспары бекітілген. Бәсекелестік ортаға берілетін активтердің жиынтық кірісі 3,4 триллион теңгеге жеткен.
Кездесуде мемлекеттік сатып алу жүйесін реформалау нәтижелері де талқыланды. Қабылданған шаралардың арқасында бір көзден сатып алу үлесі 39 пайыздан 24 пайызға дейін төмендеген. Соның нәтижесінде жалпы бюджеттегі бәсекелі сатып алу көлемі 6,2 триллион теңгеден 8,1 триллион теңгеге дейін ұлғайған.
Президент Алатау қаласын дамытуға қатысты бірқатар тапсырма берді
Сондай-ақ Агенттік төрағасы бизнес субъектілерінің тауар нарықтарына шығуына кедергі келтіретін тосқауылдарды жою, маңызды нарықтардағы өнімсіз делдалдарды қысқарту және цифрлық экономиканы реттеудің жаңа тәсілдерін әзірлеу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Бұдан бөлек, бәсекелестікті қорғау және дамыту саласындағы заңнамалық түзетулердің алтыншы пакеті таныстырылды. Заң жобасында бәсекелестік саясаттың тиімділігін арттыруға, монополияланған нарықтардағы бақылауды күшейтуге, монополияға қарсы реттеуді жетілдіруге және экономиканың мемлекеттік сектордағы үлесін қысқартуға бағытталған жеті жүйелі бағыт қарастырылған.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы Агенттік төрағасына бірқатар нақты тапсырма берді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Ішкі істер министрі Ержан Сәденовті қабылдады. Министрдің сөзінше, бес айдың қорытындысы бойынша тіркелген қылмыс саны былтырғы кезеңмен салыстырғанда 9 пайызға төмендеген.