• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Заң Кеше

Көші-қон заңнамасын бұзған 1 000-нан астам адам елден шығарылды

Елімізде 8-12 маусым аралығында өткен «Заңсыз келуші» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында 13 мыңнан астам адам көші-қон заңнамасын бұзғаны анықталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Тексеру барысында шетел азаматтарының тұрғылықты жерлері, құрылыс нысандары, базарлар мен шетелдік жұмыс күшін пайдаланатын ұйымдар қамтылды.

Нәтижесінде көші-қон заңнамасын бұзуға қатысты 13 035 құқықбұзушылық анықталды. Оның ішінде 9 359 шетел азаматы елде болу тәртібін бұзғаны үшін, ал 3 828 адам еңбек қызметін заңсыз жүзеге асырғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар 882 жұмыс беруші шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін жауапқа тартылса, 2 794 жеке және заңды тұлға шетел азаматтарының өздерінде тұратыны туралы полицияға уақытылы хабарламаған.

Шымкентте заңсыз миграциямен айналысқан топ ұсталды

Сот шешіміне сәйкес көші-қон заңнамасын бұзған 1 559 адам Қазақстан аумағынан шығарылды. Сондай-ақ 1 836 шетел азаматының елде болу мерзімі қысқартылды. Оның ішінде 122 адам мәжбүрлі түрде депортацияланып, оларға бес жылға Қазақстанға кіруге тыйым салынды.

Іс-шара барысында Қазақстанға заңсыз кірген 14 шетел азаматы анықталды. Қазіргі уақытта бұл фактілер бойынша шекара қызметімен бірлескен тергеу жүріп жатыр. Бұдан бөлек, халықаралық іздеуде жүрген және өз елдерінің құқық қорғау органдарынан жасырынған 21 шетел азаматы ұсталды.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, көші-қон заңнамасының бұзылуына кей жағдайда заңсыз табыс табуды көздеген Қазақстан азаматтарының өздері себеп болып отыр. Мәселен, Атырау облысында шетел азаматтарын көрші мемлекетке заңсыз өткізуді ұйымдастырған отандасымыз ұсталды. Осындай деректер Жамбыл және Павлодар облыстарында да тіркелген.

Ақтөбе облысындағы құрылыс алаңдарының бірінде рұқсатсыз жұмыс істеген 60-қа жуық шетел азаматы анықталды. Ал Астанада жұмыс беруші Африка елдерінен келген алты азаматты заңсыз еңбекке тартқан. Сонымен қатар Алматы және Шымкент қалаларында, Қарағанды, Алматы, Атырау, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында шетелдіктерді заңсыз жұмысқа тарту фактілері анықталды.

Шетелдіктерге заңсыз ЖСН рәсімдеу схемасы әшкереленді

Заң бұзған барлық тұлғалар мен жұмыс берушілерге қатысты тиісті шаралар қабылданды. Сондай-ақ бір жыл ішінде шетелдік жұмыс күшін тарту қағидаларын бірнеше рет бұзған бес жұмыс берушіге қатысты қылмыстық тергеу басталды. Мұндай фактілер Жамбыл, Қарағанды және Атырау облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында тіркелген.

Құқық қорғау органдары көші-қон заңнамасының сақталуын бақылау және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстардың жалғасатынын мәлімдеді.

Соңғы жаңалықтар