Премьер-министрі Олжас Бектенов Дүниежүзілік банктің цифрлық технологиялар және жасанды интеллект жөніндегі вице-президенті Сангбу Киммен кездесті.
Кездесу барысында Қазақстан мен Дүниежүзілік банк тобы арасындағы цифрландыру, жасанды интеллект, GovTech және телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту салаларындағы әріптестікті одан әрі нығайту мәселесі қаралды. Жиында еліміздегі «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» жобасын жүзеге асыру мәселесіне назар аударылды. Талқылауға Президент кеңесшісі – Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Әсет Ерғалиев, Жасанды интеллект және цифрлық даму, Ұлттық экономика, Қаржы вице-министрлері қатысты.
«Жалпыұлттық референдумда қабылданған жаңа Конституция технологиялық инновациялар мен жеделдетілген цифрлық трансформация арқылы экономиканы нығайтуға мүмкіндік ашты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізді толыққанды цифрлық елге айналдыру жөніндегі стратегиялық мақсатты айқындады. Бұл жыл Цифрландыру жылы деп жарияланып, экономиканың барлық саласына ЖИ шешімдерін ауқымды енгізуге басымдық беріліп отыр. 2029 жылға дейінгі «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясы қабылданды. Қазақстанның цифрлық трансформация бағдарламасын ілгерілетуге Дүниежүзілік банктің қосқан елеулі үлесін ерекше атап өткім келеді. Біз жоспарлаған барлық бастаманың уақтылы жүзеге асырылуына үлкен мән береміз», деді Үкімет басшысы.
Еліміз Дүниежүзілік банктің GovTech жетілу индексінің (GTMI) «А» тобына кіреді әрі әлемде 6-орында тұр. Бүгінде Дүниежүзілік банкпен бірлесіп инклюзивті экономикаға жеделдетілген цифрландыру, ЖИ саласында адам капиталын дамытуға қатысты бірқатар бірлескен жобаларды жүзеге асырып жатыр.
Дүниежүзілік банктің цифрлық технологиялар және жасанды интеллект жөніндегі вице-президенті Сангбу Ким елімізде цифрландыру деңгейі жоғары екенін атап өтті. Маңызды жобалардың қатарында Деректерді өңдеу орталықтарын дамыту, Каспий арқылы суасты талшықты-оптикалық кабелін салу, ауылдық жерлерде байланысты қамтамасыз ету әрі цифрлық мемлекеттік сервистер, жасанды интеллект және технопарктер саласындағы бастамалар бар. Дүниежүзілік банк осы бастамаларға қолдау көрсетуге дайын.
«Қазақстандағы цифрландырудың қазіргі мәртебесі – көптеген басқа дамушы елдермен салыстырғанда өте озық. Сіздерде жақсы дамыған мобильді байланыс, сапалы қызмет көрсететін электрондық үкімет платформасы, жеке секторға арналған дамыған экожүйе, тиімді ұлттық стратегия және саясат бар. Жақында ЖИ саласында жаңа заң қабылдадыңыздар. Осының бәрі өте керемет ұйымдастырылған. Мен сіздермен жұмыс істей бастағаныма өте қуаныштымын. Жасанды интеллект саласында жаңа сын-қатерлер бар, сондықтан да бұл міндетті жүзеге асыру бәріміз үшін оңай соқпасы анық», деп атап өтті Сангбу Ким.
Кездесу қорытындысында мәртебелі мейман елімізді Дүниежүзілік банктің цифрландыру және жасанды интеллект жөніндегі жаһандық стратегиясының негізгі серіктес әрі қатысушы ел болуға шақырды. Бағдарлама цифрлық экономикаға инвестиция тартуға бағытталған. Типтік келісім бағыттары цифрлық байланыс пен инфрақұрылымды дамыту, цифрлық мемлекеттік платформалар мен сәйкестендіру жүйелерін жетілдіру, деректерді реттеу, киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ цифрлық дағдыларды дамыту, жасанды интеллект экожүйесін ілгерілетуді қамтиды. Елдерге арналған цифрлық келісімдер әр мемлекеттің ұлттық басымдықтарына сәйкес бейімделеді.
Премьер-министр Олжас Бектенов вице-президент Сангбу Кимге және Дүниежүзілік банк командасына Қазақстанның цифрлық трансформация саласындағы бастамаларын қолдағаны үшін алғыс айтып, Үкіметтің World Bank Digital Compact-ке қатысуға дайындығын атап өтті.