Кей адамның өмірі мен еңбек жолы тұтас бір ұрпаққа өнеге болып, жол нұсқайтыны анық. Бүгінгі кейіпкеріміз – халықаралық деңгейде білім алған ұстаз, АҚШ-тағы Бостон университетінің түлегі, білім беру саласының маманы Қарлығаш Надим. Оның алғашқы білім сапары Л. Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Аударма ісі» мамандығынан бастау алған. Студент кезінде Қарлығаш халықаралық мүмкіндікті тиімді пайдалана білді. «Академиялық ұтқырлық» бағдарламасы арқылы Польшаның Ополе қаласында оқып, еуропалық білім жүйесімен танысты. Шетелдегі бұл тәжірибе оның дүниетанымын кеңейтіп қана қоймай, халықаралық байланыс орнатуына жол ашты.
Кейін өзі де ұстаз ретінде шәкірттерін әлемдік білім жүйесімен, әртүрлі мәдениетпен танысуға ынталандырып, оларды Еуропаның мәдени және тарихи орталықтарына бастап барып жүрді. Студенттері алғаш рет шетелге шығып, ағылшын тілінде еркін сөйлесуге ынталанғанын көрген ол сол әсерден әлі арыла алмай жүр.
Еңбек жолын Астанадағы Еуразия гуманитарлық институтының Жоғары колледжінде ағылшын тілі оқытушысы ретінде бастаған Қарлығаш кейін жеке білім саласына бет бұрды. Ол Астанада «Eager Beaver» тіл орталығын ашып, жүздеген оқушы мен студенттің ағылшын тілін меңгеруіне көмектесті. Оның шәкірттері түрлі олимпиадалар мен білім сайыстарында жоғары нәтижелер көрсетіп, жүлделі орындарға ие болды. Ұстаз үшін ең үлкен марапат, әрине, шәкірттерінің жетістігі. Қарлығаштың кәсіби қызметінің басты ерекшелігі де осы ұстанымнан айқын көрінеді.
Магистратурада оқып жүрген кезінде Қарлығаш АҚШ-тағы «JNCL-NCLIS Leadership & Advocacy Program» бағдарламасына қатысу мүмкіндігіне ие болды. Сан тесттен өтіп, іріктелген ол Вашингтонда тағылымдамадан өтті. Сол сапар оның өміріндегі маңызды кезеңдердің біріне айналды. Әлемнің түкпір-түкпірінен барған адамдар, түрлі мәдениеттердің тоғысы, жаңа мүмкіндіктерге толы орта оның бала күнгі армандарының бірін орындағандай болды. Сол кезде ол кейін келе Америкаға қайта барып, халықаралық деңгейде білім алуды мақсат етті. Арада бес жыл өткенде бұл арманы шындыққа айналды. Көп өтпей Қарлығаш «Болашақ» халықаралық бағдарламасы стипендиясын жеңіп алды.
«Бостон университетінде білім ала жүріп, халықаралық деңгейдегі ағылшын тілі мұғалімдерін даярлайтын ең беделді бағдарламалардың бірі – CELTA курсын Pass B нәтижесімен аяқтадым. Бұл көрсеткіш – әлем бойынша осы бағдарламаны тәмамдаған мұғалімдердің шамамен үздік 20-25 пайызына ғана берілетін жоғары нәтиже. Аталған жетістік менің кәсіби дайындығымның сапасын және үздіксіз дамуға деген ұмтылысымды айқын дәлелдейді. АҚШ-та білім ала жүріп, мен тек студент ретінде ғана емес, кәсіби маман ретінде де белсенді дамыдым. Сонымен бірге халықаралық конференцияларға қатысып, әлемнің түкпір-түкпірінен келген білім саласының мамандарымен тәжірибе алмастым. Уақыт өте келе өзімнің басты миссиямның бірі – халықаралық білім беру мүмкіндіктері туралы ақпаратты еліміздің мұғалімдеріне жеткізуге құлшынып жүрмін», дейді ол.
Осы бағдарлама аясында ол отбасымен бірге Америка Құрама Штаттарына қоныс аударып, әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының бірі саналатын Бостон университетіне оқуға қабылданды. Мұнда ол TESOL & Applied Linguistics бағдарламасы бойынша екінші магистрлік дәрежесін алды. Бұл кезең оның академиялық әрі кәсіби дамуына жаңа серпін берді. Әлемнің түрлі елдерінен келген мамандармен бірге білім алу Қарлығашқа халықаралық тәжірибе жинақтап, заманауи білім беру тәсілдерін терең зерттеуге мүмкіндік берді.
Америкадағы оқыған жылдары Қарлығаштың тағы бір маңызды бастамасына жол ашты. Ол халықаралық бағдарламалар мен кәсіби даму мүмкіндіктері туралы ақпараттың еліміздегі, әсіресе ауылдағы мұғалімдерге жеткіліксіз екенін байқады. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында әлеуметтік желіде «Coffee, Tea & Chalk» қауымдастығын құрды. Осы алаң арқылы ұстаздар халықаралық гранттар, конференциялар, тағылымдамалар мен кәсіби даму бағдарламалары туралы ақпарат алады. Қарлығаш тұрақты түрде тегін вебинарлар өткізіп, әріптестеріне халықаралық мүмкіндікке жол ашуға көмектесіп келеді.
Қарлығаш Надимнің өмір жолы Торғайдағы қарапайым ауылдан басталып, Астана, Еуропа, тіпті сонау Америкаға жалғасқан білім сапарына ұласты. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің «халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін – білім» деген асыл сөзі Қарлығаш сынды талапты жастың өміріне қарата айтылғандай. Оның Торғайдан Бостонға дейін білім соқпағы – замандастарына үлгі.