• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 08:27

Заңсыз жарнаманың зардабы

Жазғы демалыс басталысымен көптеген жасөспірім қосымша табыс табудың жолын іздейді. Бірі уақытша жұмысқа орналасуға ұмтылса, енді бірі әлеуметтік желідегі жарнамаларға сенеді. Алайда дәл осы кезеңде қылмыстық топтар мен алаяқтардың арбауына түсіп қалу қаупі де артады. Бүгінде интернет кеңістігінде «жоғары жалақы», «тәжірибе қажет емес», «еркін жұмыс кестесі» деген сипаттағы хабарландырулардың тасасында жасөспірімдерді есірткі бизнесіне тарту әрекеттері жиілеп отыр.

Бұл мәселе Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте кеңінен талқыланды. Жиынға Алматы қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция майоры Сұлушаш Досболова мен психолог Ғалия Назханова қатысты.

Мамандардың айтуынша, қыл­мыскерлер жасөспірімдерді көбіне әлеуметтік желілер, мессенджерлер және түрлі интернет-платформалар арқылы іздейді. Олар заңсыз әрекетті қарапайым курьерлік қызмет немесе көмекшілік жұмыс ретінде көрсетіп, оңай ақша табуға қызықтырады.

– Жасөспірімдердің көбі өздерін жай ғана жұмыс істеп жүрмін деп есептейді және оның салдары туралы ойлана бермейді. Арбаушылар алдымен сенімге кіріп, қарым-қатынас орнатады. Кейін адамды біртіндеп қылмыстық схемаға тартады. Жасөспірім нақты немен айналысып жүргенін түсінген кезде бұл жүйе­ден шығу өте қиынға соғады, – дейді С.Досболова.

Құқық қорғау органдары кейін­гі жылдары есірткі қылмысына тартылған кәмелетке толмағандардың саны артқанын байқап отыр. Бұрын олар көбіне тыйым салынған заттарды тұтынушы ретінде тіркелсе, қазір заңсыз айналымның тікелей қатысушысына айналып барады. Ең алаңдатарлығы, олардың басым бөлігі өз әрекетінің қаншалықты ауыр қылмыс екенін толық түсіне бермейді.

Сарапшылар еліміздің заңнама­сында есірткі қылмысы үшін жауап­кершілік өте қатаң екенін еске салды. Мұндай құқықбұзушылық  бо­йынша қылмыстық жауапкершілік 14 жас­тан басталады. Жасалған әрекеттің сипатына қарай жаза мерзімі 10 жылдан 15 жылға дейін, кей жағдайда одан да ұзақ болуы мүмкін. Мәселен, есірткі жарнамасын граффити арқы­лы насихаттағаны үшін алты жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылса, есірткі тасымалдаушысы ретінде әрекет еткендер он жылға дейін сотталуы ықтимал.

Брифинг барысында психолог Ғалия Назханова қылмыскерлер жасөспірімдердің психологиялық ерекшелігін шебер пайдаланатынына назар аударды. Оның айтуынша, бүгінде олар әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларын ғана емес, интернетке еркін қол жеткізетін, өз бетінше өмір сүріп, қаржылық тәуелсіздікке ұмтылатын кез келген жасөспірімді нысанаға алады.

– Қазір есірткі қылмысына арбау­шылар тек қиын жағдайдағы балаларды іздемейді. Қолында смартфоны бар, интернет қолданатын және тезірек дербес болғысы келетін қарапайым жасөспірімдердің өзі олардың назарына ілігуі мүмкін. Көп жағдайда бәрі есірткіден емес, қосымша жұмыс іздеуден басталады. Жасөспірім мұндай ұсынысқа қылмыскер болғысы келгендіктен емес, оның салдарын толық түсінбегендіктен келіседі, – дейді маман.

Психологтің айтуынша, арбаушылар жастардың тәуекелге бейімдігін, қатарластары арасында мойындалуға деген ұмтылысын, белгілі бір ортаға тиесілі болуға деген қажеттілігін тиімді пайдаланады. Сондықтан алдын алу жұмыстары бала күмәнді ұсы­ныспен кездеспей тұрып басталуы керек.

Мамандардың ортақ пікірінше, қауіптің алдын алуда отбасының рөлі ерекше. Ата-аналар баласының мектептегі үлгерімін қадағалаумен шектелмей, оның интернеттегі белсенділігіне, араласатын ортасына, бос уақытын қалай өткізетініне назар аударғаны жөн.

Мамандар жасөспірімнің мінез-құлқындағы күтпеген өзгеріске бейжай қарамауға шақырады. Белгісіз жерден ақша табуы, қымбат заттар сатып алуы, бұрынғыдан тұйықталып кетуі, телефондағы хат-хабарларын жиі өшіруі, жаңа достары туралы айтудан қашқақтауы немесе үйден жиі шығып кетуі алаңдауға негіз болуы мүмкін. Дегенмен мұндай белгілердің болуы міндетті түрде қылмысқа қатысы бар дегенді білдірмейді. Ең бастысы – ашық әңгіме мен сенімді қарым-қатынасты сақтау.

– Егер үйде жасөспірім күмәнді жұмыс ұсынысы туралы ашық сөйлесе алатын ересек адам болмаса, ол кеңесті сол ұсынысты жасаған адамдардан сұрайды. Сондықтан ата-анамен сенім­ді байланыс өте маңызды, – дейді Ғ.Назханова.

Брифингте жастар үшін қауіп­сіз баламалар қалыптастыру мәселесі де көтерілді. Сарапшылар жасөс­пірімдерге заңды түрде жұмыс істеуге, өз қабілетін дамытуға, бос уақытын мазмұнды өткізуге мүмкіндік беретін бағдарламаларды көбейтудің маңызын атап өтті.

Ал егер жасөспірім есірткі тұтынуға немесе есірткі қылмысына тартылып қойған жағдайда, оған тек медициналық көмек көрсету жеткіліксіз. Мамандар мұндай жағдайда психологиялық қолдау, әлеуметтік бейімдеу және отбасымен жүргізілетін жұмысты қамтитын кешенді оңалту шаралары қажет екенін айтты.

Қоғамда жиі айтылатын «оңай ақша» ұғымы кейде жасөспірімдерді ауыр қылмысқа жетелеуі мүмкін. Сондықтан бүгінгі цифрлық дәуірде балалардың қауіпсіздігі тек құқық қорғау органдарының ғана емес, ата-аналардың, білім ұйымдарының, тұтас қоғамның ортақ жауап­кершілігіне айналып отыр. Уақтылы жүргізілген түсіндіру жұмысы мен сенімді қарым-қатынас талай жасты қауіпті қадамнан сақтап қалуы мүмкін.

 

АЛМАТЫ 

Соңғы жаңалықтар