• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 08:17

ЖИ бағытындағы игі қадам

Мемлекет басшысының «Қазақстан Республикасының орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні ендіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығынан кейін білім саласын жаңғыртудың жаңа кезеңі басталды. Аталған құжатта мектептерді цифрлық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, оқыту сапасын арттыру, жасанды интеллект технология­ларын кезең-кезеңімен енгізу мәселелері айқын белгіленген. Бұл бастама білім беру жүйесін халықаралық талаптарға бейімдеп, саланы сапаландыру мақсатын көздейді.

Осы орайда Ұлытау об­­лы­сында ЖИ тех­но­­ло­гияларын бі­лім жүйесіне енгізу жоспарға сай жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, аймақтағы 87 білім оша­ғында «Цифрлық сауат» және «Информатика» пәндері аясында, сондай-ақ пәндік оқытуда да жасанды интеллект элементтері көмекші құрал ретінде қолданылады.

Сондай-ақ білім беру ұйым­дарында Testter.kz (EdooX.com), BilimLand, Google Workspace for Education платформасындағы Gemini жүйесі, Roqed AI, Aqyl AI платформалары пайдаланылып, білім алушыларды ҰБТ, МОДО және халықаралық зерттеулерге (PISA, TIMSS, PIRLS) даярлау қолға алынған.

Айталық, платформалар­ды білім алушыларды ұлт­тық бірыңғай тестілеуге, оқушы­лардың білім жетістігін мо­ни­торингілеуге, сыртқы бақы­лаулар, халықаралық зерттеу­лерге дайындау мақсатында оқу үдері­сінде қолданады. Соны­мен қатар жеке оқу траектория­сын қалыптастыру мен интерак­тив­ті цифрлық контент әзірлеу мүм­кіндігі қамтамасыз етілген. Заманауи цифрлық білім платформаларын енгізу білім сапасын арттырады.

Жалпы, облыс көлемінде 5 341 педагогтің 3 547-сі цифр­­ландыру және жасанды ин­тел­лекті қолдану бағыттары бо­йынша оқытудан өтті. Бұл көр­сеткіш облыс педагогтерінің 66 пайыздан астамын қамтиды. Сонымен бірге педагогика­лық кеңестер мен әдістемелік алаң­дарда жасанды интеллек­тіні қол­данудың этикалық норма­лары мен деректерді қорғау талаптары және академиялық адал­дық қағидаты түсіндірілді. Оқу үдерісіне жасанды интеллек­тіні кезең-кезеңімен енгізу бо­йынша практикалық ұсыным­дар беріледі.

Жарлыққа сәйкес, 2026 жылғы 1 тамызға дейін қанатқақты жобаны іске асыру аясында мектеп­терді техникалық жабдықтармен, оның ішінде тұрақты жоға­ры жылдамдықты интернетпен қам­тамасыз ету көзделген.

Бүгінде облыстағы барлық 87 білім беру ұйымы интернет желісіне тұрақты қосылған. Өткен жылы 46 мектеп қанат­­қақты режімде «Starlink» жер­серік­тік тех­нологиясына қо­сылып, шама­­мен 150 Мбит/секунд жыл­дамдыққа қол жеткіз­ді. Бұл шал­ғай ауыл мектептерін­дегі оқу­шы­лардың сапалы цифр­лық білім ресурстарына тең қолжетімділі­гін қамтамасыз етуге жол ашып отыр.

Облыстық білім басқарма­сы басшысының орынбасары Марат­бек Жақыпбекұлының айтуын­­ша, аймақта педагогтер­дің жа­сан­ды интеллект технологияла­рын қолдану дәрістері жүйелі түрде өтіп келеді.

«Бүгінде Өрлеу» біліктілік­ті арттыру ұлттық орталығы мұ­рындық болып, 3 мың педагог ЖИ технологияларын меңгеру үшін арнайы оқытудан өтті.  Сонымен қатар «Ustazga AI» жобасы аясында «Amanat» партия­сымен бірлесіп, 547 педагог­ке мамандандырылған біліктілік­­ті арттыру курсы ұйымдастырыл­ды. Атал­ған курстар практика­лық бағыт­та құрылып, ЖИ құрал­дарын сабаққа енгізу, инно­ва­ция­лық әдістерді қолдану және оқу үдерісінің цифрлық транс­формациясын қамтамасыз етуге арналған», деді ол.

Шынында, білім жүйесін ке­шенді цифрлық трансформация­лау – уақыт талабы. Сон­дық­­т­ан оны тиімді пайдалану оқы­­ту сапасын арттырып, пе­­да­­­гог­т­ердің кәсіби әлеуетін кү­шей­­­туге, әрбір оқушыға сапа­лы білім беруге мүмкіндік береді.

 

Ұлытау облысы 

Соңғы жаңалықтар