Зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану тәртібіне қатысты талаптардың қайта қаралуы қоғам назарын тағы да осы мәселеге аударды. Ең төменгі жеткіліктілік шегінің кезекті рет өсуі азаматтардың жинаққа қол жеткізу мүмкіндігіне тікелей әсер етпек. Бір жағынан, бұл қадам болашақ зейнетақы төлемдерінің тұрақтылығын сақтауға бағытталғаны айтылса, екінші жағынан, өз қаржысын баспана немесе денсаулық қажеттілігіне жұмсауды жоспарлаған жұртшылық арасында сұрақ та аз емес. Сонымен, жаңа шектер қалай айқындалды және оның салдары қандай болмақ?
Кейінгі бес жылда ел азаматтары зейнетақы жинағынан мерзімінен бұрын 5 трлн теңгеге жуық қаражатты пайдаланған. Бұл денсаулықты дұрыстап, тұрғын үй жағдайын жақсартуға оңтайлы мүмкіндік болғаны рас. Алайда бастаманың бастапқы мазмұнын бұрмалап, түрлі көлеңкелі жолдар арқылы қаражатқа қол салған адамдар аз болған жоқ. Соның салдарынан өткен жылдан бері зейнетақы қорынан мерзімінен бұрын ақша алу мүмкіндігі түрлі кедергіге ұшырады. Мәселен, жыл басында жеткіліктілік шегі 10 пайызға дейін өссе, қаржыны кейбір ауру түрлеріне, тұрғын үйге пайдалануға уақытша үзіліс жасалды. Ақырында БЖЗҚ биылға арналған жаңа жеткіліктілік шегін белгіледі. Кей жас топтарында шек екі есеге жуық өскен.
Жеткіліктілік шегінің көтерілуі жаңа есептеу әдістемесінің енгізілуіне байланысты болып отыр. Бұған дейін шек негізінен салымшының жасына қарай есептелсе, енді оған зейнетке шығуға дейінгі кезең, күтілетін өмір сүру ұзақтығы, болашақтағы міндетті жарналар көлемі, инвестициялық кіріс және өзге де ұзақмерзімді көрсеткіштер қосылды. Яғни мемлекет азаматтың зейнет жасына жеткеннен кейін лайықты табысқа ие болуын қамтамасыз ету мақсатында қажетті ең төменгі жинақ көлемін дәлірек есептеуге ұмтылып отыр.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, өзгерістің басты мақсаты – салымшылардың ұзақмерзімді мүдделерін қорғау.
«Зейнетақы жинақтары – қарапайым депозит немесе күнделікті шығындарға жұмсалатын қаржы көзі емес. Оның негізгі мақсаты – азаматтарды зейнеткерлік жасқа жеткеннен кейін тұрақты табыспен қамтамасыз ету. Министрлік зейнетақы қаражаты ең алдымен азаматтардың болашақтағы зейнетақы төлемдеріне қызмет етуге тиіс деген ұстанымды басшылыққа алады. Себебі бүгін жинақты мерзімінен бұрын пайдалану ертеңгі зейнетақы төлемдерінің көлеміне тікелей әсер етуі мүмкін», дейді министрлік.
Министрлік дерегінше, жеткіліктілік шектері кейінгі үш жыл ішінде қайта қаралмаған. Осы уақыт аралығында инфляция деңгейі, ең төменгі зейнетақы мөлшері, халықтың өмір сүру ұзақтығы мен экономиканың өзге де көрсеткіштері өзгерді. Сондықтан жаңа шектерді енгізу зейнетақы жүйесінің ұзақмерзімді тұрақтылығын сақтауға бағытталып отыр.
Бұл ұстанымды қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов те қолдайды. Оның айтуынша, қоғамда зейнетақы жинақтарына тұрғын үй алуға немесе жөндеуге арналған қосымша қаржы көзі ретінде қарау үрдісі белең алды. Алайда мұндай тәсіл зейнетақы жүйесінің табиғатына қайшы.
«Мен зейнетақы жинақтарын жаппай алуға қарсы болдым. Өйткені зейнетақы ақшасы табиғаты жағынан баспана алуға немесе жөндеу жұмысын жүргізуге арналған жинақ емес. Бұл – адамның еңбек ету мүмкіндігі бұрынғыдай болмайтын қарттық шағына арналған қаржы. Сондықтан жеткіліктілік шектерінің көтерілуін қисынды әрі уақтылы қабылданған шешім деп есептеймін. Тіпті бұл қадамның өзі жұмсақ нұсқа деуге болады», дейді сарапшы.
Оның пікірінше, зейнетақы жүйесі қазіргі реформалар кезеңінде ең алдымен азаматтардың зейнетақысын қамтамасыз ету міндетін атқаруға тиіс. Ал әлеуметтік немесе тұрғын үй мәселелерін шешудің басқа тетіктері болуы қажет.
«Адам бүгін жинағын шешіп алса, ертеңгі зейнетақы төлемін автоматты түрде азайтады. Қысқа мерзімде мемлекет белгілі бір экономикалық нәтиже алуы мүмкін. Бірақ 20-30 жылдан кейін аз зейнетақы мәселесі туындап, бюджеттен қосымша қолдау көрсету қажеттілігі пайда болады», деп түсіндірді Р.Рысмамбетов.
Сарапшы тағы бір маңызды мәселеге назар аударды. Оның айтуынша, азаматтардың әл-ауқатын арттырудың негізгі жолы – ресми еңбекақы көлемін ұлғайту.
«Біз зейнетақы қорынан ақша алу жолдарын емес, жоғары ресми жалақы алатын азаматтардың санын қалай көбейтуге болатынын талқылауымыз керек. Бұл – макроэкономикалық міндет. Адамның ресми табысы жоғары болған сайын БЖЗҚ-ға аударылатын жарна көлемі де артады, сәйкесінше болашақтағы зейнетақысы да жоғары болады», дейді ол.
Расул Рысмамбетов зейнетақы жинағын жаппай шешіп алудың жанама салдары ретінде тұрғын үй нарығындағы баға өсімін де атап өтті.
«Зейнетақы қаражатының едәуір бөлігі тұрғын үй нарығына бағытталды. Бұл көптеген азаматтың баспана мәселесін шешуге көмектесті. Бірақ тұрғын үй бағасының күрт өсуіне де ықпал еткен факторлардың бірі болды. Кейбір сегменттерде бағалар екі есеге дейін қымбаттады», дейді сарапшы.
Ал сарапшы Данияр Әшімбаев мәселенің екі қыры бар екенін айтады. Оның пікірінше, мерзімінен бұрын пайдалану құқығы белгілі бір кезеңде орынды шешім болғанымен, оны бұрынғы қалпында сақтап қалу бүгінгі жағдайда тиімді емес.
«Жинақты мерзімінен бұрын пайдалану мәселесінің біржақты жауабы жоқ. Бір жағынан, бұл қадам халықтың бір бөлігінің тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік берді әрі зейнетақы жүйесіне деген сенім дағдарысы кезеңінде құрылыс нарығын қолдады. Екінші жағынан, жинақтарды тұрақты түрде шешіп алу қордың инвестициялық әлеуетін әлсіретіп, болашақтағы зейнетақы төлемдерінің көлемін төмендетеді», дейді Д.Әшімбаев.
Оның айтуынша, жеткіліктілік шектерін көтеру – толық тыйым салу мен бұрынғы тәртіпті сақтап қалудың арасындағы ымыралы шешім.
«Бұл тәжірибені толық тоқтату әлеуметтік әрі саяси тұрғыдан күрделі болар еді. Сондықтан мемлекет оны сақтап қалды, бірақ қолжетімділік шарттарын күшейтті. Меніңше, бұл қазіргі жағдайда компромистік шешім болып отыр», деді сарапшы.
Осылайша, алғашқы кезеңде басты назар азаматтардың әлеуметтік мәселелерін шешуге аударылса, енді ұзақмерзімді қаржылық тұрақтылық пен лайықты зейнетақы деңгейін қамтамасыз ету алдыңғы орынға шығып отыр.
Демек, талқылануға тиіс басты мәселе – зейнетақы жинағын қалай шешіп алу емес, азаматтардың ресми табысын қалай арттыру, еңбек өнімділігін қалай көтеру, болашақ зейнетақының жеткілікті болуын қалай қамтамасыз ету. Өйткені зейнетақы жүйесінің түпкі мақсаты – бүгінгі қажеттілікті емес, ертеңгі қаржылық қауіпсіздікті қалыптастыру.