Қазақстанда оқушылардың халықаралық деңгейде бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған «Сириус − Қазақстан» жобасы іске асырылып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Қазақстан – Сириус» жобасы мемлекеттер басшыларының уағдаластығына сай іске асырылып жатыр. «Сириус» моделі бойынша еліміздің екі қаласында білім беру ошағы құрылады. Астанамен қатар биыл қаңтар айында Алматы қаласында да мектеп пен орталықтың іргетасы қаланды.
Жобаның мақсаты – дарынды балаларды қамқорлыққа алып, ғылым, технология және инновация салаларын терең меңгерген, бәсекеге қабілетті мамандардың жаңа буынын тәрбиелеп шығару.
Осы орайда «Өрлеу» БАҰО АҚ Басқарма Төрағасы Алматов Ғалымжан Бауыржанұлының пікірін білген едік.
«Сириус – Қазақстан» жобасы білім беру үдерісіне ұлттық мазмұнды міндетті түрде енгізуді көздейді. Оқу бағдарламаларына «Домбыра», «Ұлттық өнер», «Ұлттық спорт» курстары, сондай-ақ «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы енгізіледі. Бұл заманауи білімді ұлттық құндылықтармен және мәдени бірегейлікпен ұштастыруға мүмкіндік береді», деді Ғалымжан Алматов.
Алматыда «Сириус» мектебі ашылады
Ғ. Алматовтың айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатқан «Сириус – Қазақстан» жобасы білім сапасын арттыруға және оқушылардың халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге бағытталған. Бұл жоба білім беру саласындағы адами капиталды дамыту жөніндегі мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі саналады.
«Орталықтың ашылуы дарынды балаларды ерте анықтау және оларды жүйелі қолдау тетіктерін күшейтуге мүмкіндік береді. Жоба аясында ғылым, технология және жобалық қызметке бағытталған тереңдетілген бағдарламалар енгізіліп, талантты оқушыларды қолдаудың тұрақты экожүйесі қалыптасады. Сонымен қатар STEM, ІТ, инженерия және зерттеу бағыттарына басымдық беру арқылы елдегі заманауи білім беру инфрақұрылымын дамытуға серпін береді», деді Ғалымжан Бауыржанұлы.
Оның айтуынша, бұл орталықтың басты артықшылығы − заманауи білім беру тәсілдерін ұлттық құндылықтармен ұштастыруында.
«Аталған орталық оқушылардың тек академиялық білімін ғана емес, ұлттық болмысын, мәдени танымын және рухани құндылықтарын да дамытуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар орталықта математика, инженерия, жасанды интеллект, робототехника және зерттеу бағыттарына ерекше басымдық беріледі. Яғни оқушылар теориялық біліммен қатар практикалық және жобалық дағдыларды меңгереді. Соның арқасында жоба халықаралық деңгейдегі заманауи білім беру тәсілдерін қазақ халқының мәдени мұрасымен үйлестіретін бірегей модель қалыптастыруы мүмкін. Бұл өз кезегінде ұлттық білім беру жүйесінің жаңа сапалық деңгейге көтерілуіне ықпал етеді», деді Ғ. Бауыржанұлы.
Ғалымжан Алматовтың пікірінше, жоба отандық педагогтердің кәсіби дамуына да оң ықпал етеді. «Сириус – Қазақстан» жобасында педагогикалық құрам негізінен отандық мамандардан жасақталады. Олардың үлесі шамамен 80 пайызды құрайды.
Гүлжайна Елеусінова: «Сириус – Қазақстан» жобасы – сапалы білім мен ұлттық құндылық үндестігі
«Сонымен қатар халықаралық тәжірибе мен «Талант және табыс» қорының біліктілікті арттыру бағдарламаларын қолдану көзделеді. Бұл Қазақстан педагогтерінің тәжірибесін әлемдегі озық әдістермен ұштастыруға, заманауи білім беру технологияларын меңгеруге және кәсіби құзыреттерін арттыруға мүмкіндік береді», деді ол.
Оның айтуынша, «Сириус – Қазақстан» жобасы ғылым, технология және инновация саласындағы жаңа буын мамандарын даярлауға бағытталады.
«Әсіресе ІТ, инженерия, жасанды интеллект, робототехника және зерттеу бағыттарындағы мамандарға басымдық берілуі мүмкін. Сонымен қатар жоба оқушылардың аналитикалық ойлауын, жобалық және зерттеушілік дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді. Бұл болашақта ғылыми-зерттеу, жоғары технология, цифрлық экономика және инженерлік индустрия салаларында бәсекеге қабілетті мамандардың қалыптасуына ықпал етеді. Ұзақ мерзімді перспективада жоба елдің зияткерлік әлеуетін нығайтып, білім экономикасын дамытуға негіз болады. Сондай-ақ ғылыми-технологиялық бағыттар бойынша ерте кәсіби бағдар беру арқылы талантты жастардың әлеуетін ашуға және халықаралық деңгейде сұранысқа ие кадрлар даярлауға мүмкіндік береді. Қазақстан үшін білім мен адами капитал негізгі стратегиялық ресурсқа айналады», деп түйіндеді Ғалымжан Алматов.
Қаныбек Жұмашев: «Сириус – Қазақстан» жобасы ұлттық мазмұнда енгізіледі
Еске салайық, бүгін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Президенті Владимир Путин онлайн-форматта «Қазақстан – Сириус» халықаралық білім беру инфрақұрылымының капсуласын салу рәсіміне қатысты. Келешек кешеннің іргетасына рәміздік капсуланы елордалық оқушылар Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменовамен, «Сириус» федералдық аумақ кеңесінің төрағасы, «Талант и успех» қорының жетекшісі Елена Шмелёвамен бірге салды.