Экономика вице-министрі Ерлан Сағынаев Қарағанды облысының бизнес қауымдастығымен кездесті. Ашық диалогқа бизнестің, салалық қауымдастықтардың, «Атамекен» ҰКП және мемлекеттік органдардың 150-ден аса өкілі қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz
Қатысушылардың назарына бизнесті күн сайын толғандыратын мәселелер шығарылды: салықтық әкімшілендіруді жетілдіру, мемлекеттік сатып алуға қол жеткізу, көлік логистикасын дамыту, АӨК және құрылыс секторын қолдау.
«Шағын және орта бизнес Қарағанды облысының экономикасында шешуші рөл атқарады. Тұрақты жұмыспен қамтып, өңір табысының едәуір бөлігін қалыптастырады. Министрлік ретіндегі біздің міндетіміз – іс жүргізуге барынша қолайлы жағдай жасау, мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру және оларға жүз пайыз қол жеткізуді қамтамасыз ету», - деді Сағынаев.
Қарағанды өңірі кәсіпкерлікті дамытуда сенімді серпін танытып отыр. Бүгінгі таңда мұнда 246,4 мың адамды жұмыспен қамтамасыз ететін 94,4 мыңға жуық ШОК субъектісі жұмыс істейді (экономикалық белсенді халықтың жартысына жуығы).
2025 жылғы қорытынды бойынша жалпы өңірлік өнімдегі ШОК үлесі 23,2% - ға өскен. Ал өндірілген өнім көлемі 4,9 трлн теңгеге жетті (2024 жылғы 3,6 трлн теңгемен салыстырғанда). ШОБ секторынан түсетін салық түсімі 11,3%-ға, 409,5 млрд теңгеге жетті.
2026 жылы Қарағанды облысында кәсіпкерлікті қаржылық және қаржысыз қолдауға 14,2 млрд теңге бөлінді (11,6 млрд - республикалық және 2,6 млрд - жергілікті бюджеттен). Бөлінген қаражат қазірдің өзінде белсенді жұмыс істеуде: ондаған ірі жобалар қаржыландырылып, «Өрлеу», «Кәсіпкер» және «Ауыл аманаты» бағдарламалары бойынша қарыз беру мақұлданған.