Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі кәмелетке толмағандардың еңбек құқықтарын қорғауға бағытталған заңнамалық өзгерістер әзірлеп жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында министр Асқарбек Ертаев мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Министрдің айтуынша, жыл басынан бері ведомствоаралық іс-шаралар жоспары жүзеге асырылып келеді. Оның аясында Еңбек кодексі мен «Қызметкерді еңбек міндеттерін атқару кезінде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы» заңға өзгерістер енгізу қарастырылып жатыр.
Ұсынылған түзетулерге сәйкес, жұмыс берушілердің кәмелетке толмаған қызметкерлер үшін қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету жауапкершілігі күшейтіледі. Сонымен қатар жасөспірімдердің жазатайым оқиғалардан сақтандыру қорғанысын алу құқығы заң жүзінде бекітілмек.
Тараздық оқушы қатерлі ісікті анықтайтын ғылыми жобасымен әлемдік көрмеде топ жарды
Сондай-ақ құжатта кәмелетке толмағандарды жұмысқа тартудың рұқсат етілетін және тыйым салынатын түрлері нақты айқындалады. Бұл ретте олардың жасы, атқаратын жұмысының сипаты және қауіпсіздік талаптары ескеріледі.
Ведомство мәліметінше, ұсынылып отырған өзгерістер Халықаралық еңбек ұйымы қабылдаған №182 Конвенция талаптарына сәйкес келеді. Аталған құжат балалар еңбегінің ең ауыр түрлеріне тыйым салуға бағытталған.
Заңнамалық өзгерістермен қатар бақылау шаралары да күшейтіледі. Енді кәмелетке толмағандардың жұмыспен қамтылуына мониторинг арнайы еңбек тәуекелдері картасы арқылы цифрлық форматта жүргізіледі. Бұдан бөлек, тәуекелі жоғары салалардағы бейресми жұмыспен қамтуға бақылау күшейтілмек.
Айта кетейік, елімізде 5 мыңнан астам оқушы жұмыс істеп жүр.