Ақмола облысының Сандықтау ауданында балабақша тәрбиешісінің бүлдіршінге қатыгездік көрсеткені туралы мәлімдемеден кейін қылмыстық іс қозғалды. Оқиға қоғамда резонанс туғызып, білім беру мекемесінің бірнеше қызметкері тәртіптік жазаға тартылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Сандықтау ауданындағы бөбекжай-бақшалардың бірінде болған жағдай әлеуметтік желіде жарияланғаннан кейін көпшіліктің назарын аударды. Баласының балабақшада қорлық көргенін айтқан ата-ананың жазбасынан соң аудандық білім бөлімі тексеріс жүргізген.
Тексеру қорытындысы бойынша тәрбиеші қызметінен босатылды. Сонымен қатар, бақылауды тиісті деңгейде ұйымдастырмағаны үшін балабақша меңгерушісіне, штаттағы психологке және тәрбиешінің көмекшісіне қатаң сөгіс берілді.
Атырауда бүлдіршінді тепкен тәрбиеші жұмыстан қуылды
Істің басты түйіні – құқық қорғау органдарының араласуы болды. Балаға қатыгездік көрсету дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталған.
Ақмола облыстық полиция департаменті тергеу амалдарының жалғасып жатқанын мәлімдеді.
«Қазіргі уақытта кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүзеге асырылуда. Тергеу нәтижесі бойынша Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес процессуалдық шешім қабылданады», деді Ақмола облысы ПД бөлімінің аға инспекторы Әсем Әбдірахманова.
Резонанс тудырған іс облыстық полиция департаменті басшылығының және уәкілетті органдардың ерекше бақылауына алынған. Өңірлік білім басқармасы мұндай жағдайлардың алдын алу үшін аудан аумағындағы барлық мектепке дейінгі мекемеде қосымша тексеріс жүргізілетінін хабарлады.
Сәтбаевта балаға буллинг жасаған балабақша қызметкері жұмыстан қуылды