• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Алматы Бүгін, 17:30

Алматы әуежайын су басты: Министр түсініктеме берді

Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Үкіметте өткен брифингте Алматы халықаралық әуежайы ғимаратының шатыры нөсер жауынға толық есептелмегенін мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Еске салсақ, 3 мамыр күні әлеуметтік желілерде әуежайдың төбесінен сорғалап су ағып жатқан сәттің видеосы тараған болатын. Нөсер салдарынан тексеру және паспорт бақылау аймақтарын су басып, терминал маңындағы аумақ та зардап шеккен еді.

Министрдің айтуынша, шатыр жобаланған кезде су жүктемесі 230 литр көлемінде есептелген. Алайда жауын-шашын мөлшері күткеннен әлдеқайда көп болған.

«Жоғарғы бөлікте үлкен суағар бар, ол кәдімгі үлкен арық секілді. Егер ол толып кетсе, жан-жағындағы ашық бөліктер арқылы су сыртқа ағуы керек. Бірақ жаңбыр өте қатты болғандықтан, су ішке қарай кеткен», деді Сауранбаев.

Оның сөзінше, әуежай нысаны жеке меншікке тиесілі және барлық жөндеу жұмыстарын әуежай басшылығы өз мойнына алған.

Министр сондай-ақ әуежай иесі Groupe ADP-ның құрамына кіретінін атап өтті. Бұл компания Париж әуежайы нысандарына да иелік етеді. Сондықтан Алматыдағы жағдай компания беделіне де әсер еткен.

«Қазір бұл мәселе бойынша үлкен талқылаулар жүріп жатыр. Компания жыл соңына дейін жүйені толық түзету міндетін алды. Суағарларға қосымша су бұру арналары орнатылады», деді министр.

Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, жөндеу жұмыстары жақын арада аяқталуы тиіс. Ол сол күні қаладағы өзге ғимараттар да су астында қалғанын айтты.

Айта кетейік, Алматы әуежайында 11 келі есірткімен шетелдік ұсталған болатын.

Жылдың басында Алматы әуежайында 6,8 млрд теңге сомасында заңбұзушылықтар анықталды.

Соңғы жаңалықтар