2026 жылы ел тұрғындары зейнетақы жинақтарын тұрғын үй сатып алуға көптеп пайдалана бастаған. Үш ай ішінде осы мақсатта БЖЗҚ-дан шамамен 135 млрд теңге шешіп алынған, деп хабарлайды Egemen.kz.
Тұрғын үй мақсатында тек зейнетақының «артық» бөлігі ғана пайдаланылады. Бұл – жеткіліктілік шегінен асатын сома, яғни болашақ зейнетақы үшін міндетті түрде шотта қалуы тиіс қаражаттан артылған ақша. Әр жас тобы үшін жеке шек белгіленген.
Қазір елімізде жеткіліктілік шегін есептеу әдісін қайта қарастыруды жоспарлап отыр. Еңбек министрлігінің мәліметінше, шектер 2026 жылдың мамырында қайта қаралуы мүмкін. Осы өзгеріс күшіне енсе, зейнетақыдан алынатын қаражат көлемі азаяды. Сол себепті азаматтар қолданыстағы мүмкіндік аясында ақшаларын ертерек шешіп алуға тырысып жатыр.
БЖЗҚ деректеріне сәйкес, 2026 жылдың қаңтар – наурыз айларында зейнетақы жинағын тұрғын үй мақсатында пайдалану бойынша ең көп қаражат келесі бағыттарға жұмсалған:
тұрғын үй сатып алу және толық есеп айырысу – 50,2 млрд теңге; «Отбасы банк» депозитін толықтыру – 43,8 млрд теңге; БВУ ипотекасын ішінара өтеу – 14,4 млрд теңге; «Отбасы банк» ипотекасын ішінара өтеу – 12,1 млрд теңге; ипотека бойынша бастапқы жарна – 3,9 млрд теңге.Сәуір айында бұл үрдіс күшейген. Тұрғын үй сатып алуға шешіп алынған қаражат 66,8 млрд теңгеге жетіп, наурыз айымен салыстырғанда 33%-ға артқан. Сонымен қатар «Отбасы банк» депозиттерін толықтыру да көбейген.
Айта кетейік, бұған дейін зейнетақы шегін көтеру жобасы қоғамдық талқылауда қолдау таппағанын жазған болатынбыз.