Батыс Қазақстан облысында полиция қызметкері мен нотариус қатысқан қылмыстық топ көліктерді заңсыз тіркеумен айналысқаны анықталды, деп хабарлайды Egemen.kz Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
Тергеу мәліметінше, күдіктілер 82 автокөлікті заңсыз есепке қойған. Олар клиенттерді мессенджерлер арқылы тауып, міндетті төлемдерді төлемей-ақ көлікті тіркеуге көмектесетінін айтқан.
Келісім жасалғаннан кейін ұйымдастырушы көлік туралы мәліметтерді автоинспекторға жіберіп отырған. Ал инспектор бұрын есептен шығарылған, сипаттамасы ұқсас көліктерді таңдап алған.
Одан кейін жалған сатып алу-сату келісімдері мен сенімхаттар рәсімделіп, жалған тұлғалар тартылған. Құжаттар арнайы ХҚКО арқылы өткізілген. Нотариустық әрекеттер көлік иелерінің қатысуынсыз жүргізілген.
Ведомство мәліметінше, мемлекетке келтірілген шығын көлемі 705 миллион теңгені құраған. Сот санкциясымен күдіктілердің жалпы құны 2,4 миллиард теңге болатын мүлкіне тыйым салынды.
Қазіргі уақытта бес күдікті қамауға алынса, тағы үшеуі үйқамаққа жіберілген. Қылмыстық іс сотқа жолданды.
Еске салайық, бұған дейін Алматы облысы Балқаш ауданында полиция бөлімі басшысының орынбасары қызметтік көлікпен өз жұбайын қағып өлтіргенін жазғанбыз.
Сондай-ақ Ақтауда полиция көлігі бір жарым жасар баланы қағып кеткені туралы жарияланды.
Оралда полиция қызметкері қыз зорлады деген күдікпен ұсталды.