2026 жылғы 16 мамырда кешкі сағат 23:10 шамасында Павлодар алюминий зауытында өндірістік оқиға тіркелді. №3 пештің кептіру аймағын тазалау кезінде жиналып қалған материал қабатының бір бөлігі құлаған, деп хабарлайды Egemen.kz.
Сол сәтте аумақта күйежентектеу цехының екі қызметкері жұмыс істеп жүрген. Оқиға салдарынан диірмен машинисі оң аяғынан жарақат алып, сүйегі сынған. Ал агломераттаушының оң аяғындағы жұмсақ тіндер зақымданғанымен, дәрігерлер сүйек сынуын анықтамады. Оның еңбекке жарамды екені хабарланды.
Зардап шеккендерге оқиға орнында алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, кейін облыстық ауруханаға жеткізілген. Медициналық тексеруден соң агломераттаушы амбулаториялық бақылауға жіберілсе, диірмен машинисі ауруханаға жатқызылды.
Оқиғадан кейін өнеркәсіп қауіпсіздігіне жауапты уәкілетті орган мамандары зауыт аумағында тексеру жүргізді. Нәтижесінде қауіпті өндірістік нысанда апат белгілері анықталмағаны мәлім болды.
Айта кетейік, Өскемен қаласындағы Карбышев көшесінде орналасқан аспалы жаяу жүргіншілер көпірінде 8 адам зардап шекті.
Ақмола облысындағы сүт зауытында жарылыс болып, 2 жұмысшы күйік алып ауруханаға жеткізілді.