• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Президент Бүгін, 14:37

Түркия Қазақстанның ең ірі 5 сауда серіктесінің қатарына енді

30 рет
көрсетілді

Ұлттық статистика бюросының мәліметтері бойынша, өткен жылы Түркия Қазақстанның сыртқы сауда бойынша негізгі әріптес елдер тізімінде 5-орынды иеленген. Жалпы тауар айналымындағы үлес салмағы 2025 жылы – 3,8%, ал биылғы жылдың алғашқы екі айында – 5,2%-ды құраған, деп хабарлайды Egemen.kz

Екі ел арасындағы тауар айналымы өткен жылы 8,7%-ға өсіп, бұл 5,4 млрд долларды құраған. Түркия – Қазақстан үшін бірінші кезекте сатып алушы, содан кейін сатушы екенін атап өту маңызды. Өткен жылы Қазақстаннан осы елге экспорт импорттан 2 есе жоғары болған. Биыл Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар айналымының өсу үрдісі жалғасын тауып отыр. 2026 жылғы қаңтар-ақпанда өзара сауда көлемі 45%-ға ұлғайған.

Түркия мен Қазақстан бір-біріне қандай тауарлар сатады?

Қазақстаннан негізінен шикізат бағытында экспорт жасалады. 2025 жылы отандық тауарларды Түркияға жеткізу көлемі 3,9 млрд долларын құраған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 17,7%-ға өсімді көрсетіп отыр. Қазақстанның Түркияға шығаратын экспортының негізгі үлесін мыс пен оның қорытпалары (1,7 млрд доллар), сондай-ақ мұнай мен мұнай өнімдері (1,6 млрд доллар) құрайды. Бұдан бөлек, отандық өндірушілер түрік нарығына түсті металдар, тас көмір, мақта шикізаты мен ауыл шаруашылығы өнімдерін белсенді түрде сатып келеді. 2024 жылға қарағанда аталған екі бағыт бойынша Қазақстанға едәуір көп ақша әкелген. 

Өткен жылы Қазақстанға импорттың жалпы көлемі 1,5 млрд долларды құрап, 9%-ға азайғаны байқалады. Бұған ішінара киім-кешек пен төсек-орын жабдықтау құнының 28%-ға төмендеуі әсер еткен. Алайда тауарлардың жекелеген санаттары бойынша өсім де жоқ емес. Ол туарлардың қатарында өнеркәсіптік жабдықтар мен ауыл шаруашылығы техникасы, дәрілік заттар, шоколад сияқты өнімдердер бар.

Түркия мен Қазақстанды тағы не байланыстырады?

Ұлттық банктің деректеріне сәйкес, түрік инвесторларының қазақстандық кәсіпорындарға қаржы салу көлемі 2020 жылдан бастап 2,8 млрд долларға жетіп,  жылына 360-680 млн доллар шамасында тұрақтап тұр. 2025 жылы Түркиядан Қазақстанға шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 389,5 млн долларды көрсетіп отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 35%-ға аз. Құлдырау алдыңғы жылдардағы серпінді динамика сияқты қаржылық индикатордың ерекшеліктеріне байланысты. Инвестициялық белсенділіктің ауытқуы салалық басымдықтарды (энергетика, инфрақұрылым мен аграрлық секторға қызығушылықтың артуы), сондай-ақ сыртқы сын-қатерлер мен валюта бағамдарының тұрақсыздығы, санкциялық тәуекелдерді көрсетеді. Жекелеген жылдардағы құлдырауға қарамастан, жалпы үрдіс түрік инвесторларының қазақстандық нарыққа тұрақты қызығушылығын көрсетіп отыр.

Қазіргі таңда Қазақстанда түрік капиталының қатысуымен 3,3 мың компания жұмыс істейді. Инвесторлар үшін ең тартымды салалар – құрылыс, сауда (1,7 мың кәсіпорын), өңдеу өнеркәсібі, HoReCa және логистика. Бірнеше жыл ішінде олардың саны 22%-ға өскен.

Қазақстан үшін стратегиялық маңызды экономика саласында Түркиядан капитал қатысатын компаниялардың саны бірнеше жыл ішінде 24,4%-ға, нақты айтқанда 296-ға дейін өскен. 

Еске сала кетейік, кеше Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоған Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік желідегі парақшасында Режеп Тайип Ердоғанмен бірге түскен фотосын жариялады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанмен Астанада шағын құрамда келіссөз жүргізді.
Соңғы жаңалықтар